Ақтөбелік әкенің бас бостандығы шектелді

Ақтөбе облысының тұрғыны балаларына алимент төлемей, соттың талабын орындамағаны үшін заң аясында бір жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы жеке сот орындаушы Динара Кадралина мәлімдеді. Оның айтуынша, борышкер С. есімді азамат сот актісінің орындалуы міндетті екендігі жөніндегі берілген ескертулерге құлақ аспай, алимент төлеу жөніндегі өз міндеттерін орындамаған.

Бұл азамат бұған дейін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 669-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін екі рет жауапкершілікке тартылған. Борышкердің алимент бойынша берешек мөлшері бүгінде 3 201 156 теңгеге жетіп отыр. Жауапсыз әке сот шешімімен Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінiң 139-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, бір жыл мерзімге бас бостандығынан шектелді, - дейді Динара Кадралина.

Оның айтуынша, биыл жыл басынан бері Ақтөбе облысында 314 борышкер әкімшілік жауапкершілікке, 5 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ өңірде 7 айдың ішінде борышкерлерден 17 800 692 теңге көлемінде алимент өндірілген.

Айта кету керек, Қылмыстық Кодекстің 139-бабы бойынша елімізде әкелер кәмелетке толмаған балаларын, сол сияқты 18 жасқа толған еңбекке қабілетсіз балаларын күтіп-бағуға сот шешiмi бойынша қаражат төлеу жөніндегі міндеттерін үш айдан астам уақыт орындамаса, онда олар 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады немесе екі жылға дейін бас бостандығынан шектеледі, я болмаса бас бостандығынан айырылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: -архив
Өзгелердің жаңалығы