Ақтөбеге келген вице-министр құрылтайға қатысты
Бүгін Ақтөбеге жұмыс сапарымен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова келіп, облыс орталығында "Asar Joly" республикалық марафоны аясында өткен құрылтайға қатысты, деп хабарлайды Ақтөбедегі BAQ.KZ тілшісі.
"Asar Ume" қоғамдық қоры мүшелері өңірге осыдан екі күн бұрын келген болатын. Бүгін Ақтөбе қаласындағы демалыс базасында осы қордың бастамасымен, Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен жас ұрпақтың рухани-адамгершілік тәрбиесін қалыптастыру, қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін насихаттау, мұқтаж жандарға қайырымдылық көрсетуге бағытталған "Asar Joly" республикалық қайырымдылық марафоны аясында құрылтай ұйымдастырылды.
Оған облыстағы белсенді азаматтар, еріктілер, қала жастары, мемлекеттік органдардың өкілдері, кәсіпкерлер, спортшылар, қолөнер шеберлері мен өнерпаздар қатысты.
Құрылтайда “Asar Ume” қоғамдық қорының жетекшісі Асхат Нұрмашев марафонның мақсаты мен қор өкілдерінің облысқа келгендегі басты миссиясын айтып, өңірде үй-күйсіз жүрген көп балалы, аз қамтылған, көмекке мұқтаж төрт отбасыға баспана алуы үшін қаржылай көмек көрсетті. Аталған отбасыларға түрлі компаниялардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері тұрмыстық техникалар, үйге қажетті заттар табыс етті.
Құрылтайға еріктілер мен белсенді азаматтар да өз үлесін қосты. Ал өңірдің өнерпаздары демалыс базасы алаңында жиналған жұртшылыққа өз өнерлерін көрсетіп, қолөнершілер керемет көрме ұйымдастырды.
Бүгін Ақтөбе облысына арнайы іссапармен келіп, “Asar Ume” қоғамдық қорының бастамасымен өтіп жатқан республикалық марафонға қатысып отырмын. Бұл марафон аясында қор өкілдері 20 мың шақырым жол жүріп, еліміздің түкпір-түкпірін аралап келеді. Осы марафон аясында еліміздегі түрлі санаттағы, атап айтсақ, аз қамтылған, мұқтаж отбасыларға көмек беріледі. Қор өкілдері мұндай азаматтарды тек тұрғын үймен қамтып ғана қоймай, оларды еңбекке, оқуға баулып, бизнеске бастама беру мақсатында осындай игі шара ұйымдастырып жатыр. Жалпы асарлатып көмектесу - ата-бабамыздан қалған дәстүр, сондықтан бұл волонтерлік қайырымдылық елімізге қажет, ал оларды қолдау - мемлекеттің басты бағыттарының бірі. Биылғы жылдан бастап Президентіміздің бастамасымен елімізде “Халық табысын арттыру” бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл жоба 2025 жылға дейін жалғасады. Осы жоба аясында халықтың табысын жоғарылату, жаңа жұмыс орындарын құру, өндірістерді жандандыру, бизнеске бағыттау шаралары көзделген. Бұл шаралар мемлекет тарапынан жүргізіліп жатса, бүгінгідей қайырымдылық шарасы қоғамның, белсенді азаматтардың осы жобаға қосқан үлесі деуге болады,-деді вице-министр Назгүл Сағындықова.
Ал Асхат Нұрмашевтің айтуынша, қор өкілдері марафон аясында 20-ға жуық қалаға барады. Ол жерлерде де дәл осындай қайырымдылық шаралары ұйымдастырылады.
Біз осыған дейін бес өңірге барып, осындай үлкен шаралар өткіздік. Көптеген азаматтарға қол ұшын беріп, бірқатар мұқтаж отбасыларының баспаналы болуына өз үлесімізді қостық. Ақтөбеге Қостанайдан келіп тұрмыз, біз мұнда құр қол келмей, сол жақтан арнайы сыйлықтарымызды ала келдік. Жалпы осы жоба аясында біз бүгінге дейін 455 отбасына баспана алып бердік, жүздеген адамға өз кәсібін ашуға көмектестік. Осындай шараларды өткізу үшін бізге барлық өңірдің басшылығы, әкімдіктері қолдау көрсетіп жатыр, -дейді ол.