Ақтөбедегі жарылыстан зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды
Дәмханадағы газ жарылысынан екі адам ауруханаға түсті. Дәрігерлер олардың қазіргі жағдайына қатысты мәлімдеме жасады.
Ақтөбеде бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан дәмханада газ-ауа қоспасы жарылып, екі адам зардап шеккен. Олар ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, науқастардың жағдайы тұрақты, өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ. Бұл туралы BAQ.KZ редакциясының сауалына Ақтөбе қаласының Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 13 қарашада сағат 10:28-де болған. Қоғамдық тамақтану нысанындағы жарылыс туралы жедел медициналық жәрдем қызметіне шақырту түскен.
Бір минут ішінде оқиға орнына жедел жәрдемнің екі бригадасы жетті. Оқиға салдарынан екі адам зардап шегіп, №1 қалалық көпсалалы ауруханаға жеткізілді, – деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
№1 қалалық көпсалалы ауруханасының бас дәрігері Қадырбек Иманбаевтың айтуынша, зардап шеккендердің жағдайы тұрақты. Қазіргі уақытта оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Зардап шеккендердің жағдайы тұрақты, өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ. Қазіргі уақытта оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде, – деді Қадырбек Иманбаев.
Еске салайық, 13 қараша күні сағат 10:28-де Ақтөбе қаласындағы Тәуелсіздік даңғылы, 14/1 мекенжайында бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан дәмханада газ-ауа қоспасы жарылған. Салдарынан нысанға жапсарлас салынған құрылыс бөлігі опырылып, өрт шыққан. Сондай-ақ тұрғын үйдің терезе конструкциялары зақымданған.
Төтенше жағдайлар департаментінің күштері өртті сағат 10:53-те толық сөндірген. Оқиға орнында 45 қызметкер мен 10 техника жұмылдырылды. Қаза тапқандар жоқ.
Қазіргі уақытта жарылыстың себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.