Ақтөбедегі сынақ зертханасына 2 млн теңгеден астам айыппұл салынды
ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің аумақтық бөлімшесі Ақтөбе қаласындағы сынақ зертханасына көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігіне қатысты бұзушылықтар үшін 2 159 820 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ҚР СИМ ТРМК Ақтөбе облысы бойынша департаменті жүргізген жоспардан тыс тексеру зертхананың Астана және Атырау қалаларында уақытша сақталатын автомобильдерге 4 СБКТС ресімдегенін анықтады. Бұл Кеден одағының «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінің (КО ТР 018/2011) талаптарын өрескел бұзу болып табылады.
КО ТР 018/2011 сәйкес аккредиттелген зертханалар нөмір бойынша сәйкестендіруді, конструкцияның техникалық сараптамасын, сондай-ақ қажетті сынақтар мен өлшемдерді қоса алғанда, көлік құралдарын тексеруді жүргізуге міндетті. Бұл нормаларды бұзу қауiпсiздiкке қатер төндiруi және тұтынушыларды жаңылыстыруы мүмкiн, - делінген ақпаратта.
018/2011 КО ТР өмірді, денсаулықты, мүлікті және қоршаған ортаны қорғау мақсатында доңғалақты көлік құралдарына қойылатын міндетті талаптарды белгілейді. СБКТС құжаты көлік құралының конструкциясы мен техникалық жай-күйінің қауіпсіздігін қоса алғанда, техникалық талаптарға сәйкестігін куәландырады.
Тексеру нәтижесінде «Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы» және «Техникалық реттеу туралы» ҚР Заңдарын сақтамағаны үшін төрт әкімшілік хаттама қозғалды. Тексеріс қорытындысы бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 415-1-бабының 1-бөлігінде көзделген үш еселенген ең жоғарғы шекте айыппұл салынды және зертхананың аккредиттеуді қолдану уақыты 6 айға тоқтатылды.