Ақтөбеде өрттен кейін аурухана қызметкері көз жұмды
Ақтөбедегі №1 қалалық көпбейінді аурухана аумағында болған өрттен кейін бір адам көз жұмды. Дәрігерлер бар күшін салғанымен, зардап шегушіні аман алып қалу мүмкін болмады. Ақпаратты Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы растады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Не болды?
Әлеуметтік желіде тараған мәліметке сәйкес, қайғылы оқиға аурухананың оттегі қоймасында болған. Өрттен медицина қызметкері қатты күйіп қалған.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы оқиғаның 14 қарашада аурухананың техникалық нысандарының бірінде болғанын хабарлады.
«2026 жылғы 14 қарашада №1 қалалық көпбейінді аурухананың техникалық нысандарының бірінде өрт шығып, салдарынан бір адам зардап шекті. Көрсетілген медициналық көмек пен жүргізілген қарқынды терапияға қарамастан, зардап шегуші көз жұмды», – деп мәлімдеді ведомство BAQ.KZ редакциясының сауалына берген жауабында.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері анықтап жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте пәтер өртеніп, бір адам қайтыс болды.