Ақтөбедегі лагерьлерде балаларды полицейлер бақылайды

Ақтөбе облысында жазғы лагерьде демалатын балаларды полицейлер тәулік бойы бақылап, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ардана Саймағамбетов мәлімдеді.

Оның айтуынша, соңғы кезде өңірде балалардың жоғалуы, үйден қашуы, терезеден құлауы, суға кету жағдайлары көбейген.

 Биыл облыста жасөспірімдерге қатысты — 51, жасөспірімдер жасаған 27 қылмыс тіркелді. Осындай оқиғалардың қайталанбауы үшін полиция департаменті жаз айларында балалардың қауіпсіздігі үшін алдын алу шараларын жүргізуде. Мәселен, жазда қаламызда 7 лагерь 10-12 ауысымда жұмыс істейтін болады. Полиция қызметкерлері қазір лагерьлердегі бейнебақылауларды, онда жұмыс істейтін күзетшілерді жан-жақты тексеріп жатыр. Сондай-ақ мектеп жанындағы лагерьлер де бақылауға алынады, — дейді Саймағамбетов.

Ақтөбе облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Иса Байтұрсыновтың айтуынша, биыл балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін департамент арнайы рейдтер өткізеді. Оған 300-ге жуық адам жұмылдырылады.

Биыл бізге 81 жағажай өкілінен өтінім келіп түсті, соның 64-і тексерілді. Оның ішінде 37 жағажайға рұқсат берілді, қалғаны тексеріліп жатыр. Биыл су тасқыны салдарынан бірқатар жағажайлардың жағдайы нашар. Мысалы, 17 орында әлі су қайтпаған. Біз бұл орындарды 3 маусымға дейін тексереміз, — дейді Байтұрсынов.

Оның айтуынша, былтыр облыста 9 бала суға кетіп, көз жұмған. Оның алтауы ата-анасының қарауынсыз қалса, үшеуі тыйым салған орындарға суға түскен.

Айта кету керек, ертең балаларға арналған шаралар Ақтөбедегі «Қазақ халқына мың алғыс» стелласы алаңында өтеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы