Ақтөбедегі 4 адам қаза тапқан жантүршігерлік жол апаты: Жүргізуші 21,6 млн теңге төлейді
Ақтөбеде төрт адамның өліміне себеп болған жүргізушіге сот үкімі шықты. Ол 5 жылға сотталып, марқұмдардың туыстарына 21,6 млн теңге өтемақы төлейді.
Ақтөбеде жол апатынан төрт адамның қаза табуына себеп болған жүргізушіге сот үкімі шықты. Ол марқұмдардың туыстарына 21,6 млн теңге өтемақы төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қайғылы оқиға биыл қаңтар айында Ақтөбе – Орынбор тасжолының 17-шақырымында болған. Тергеу мәліметінше, 49 жастағы Honda Odyssey көлігінің жүргізушісі Hyundai Solaris автокөлігімен соқтығысқан. Соққыдан Hyundai артта келе жатқан ВАЗ-2110 көлігіне соғылған.
Жол апаты салдарынан төрт адам көз жұмды. Олардың арасында үйлену тойына дайындалып жүрген жас жігіт те болған. Тағы бір адам ауыр жарақат алған.
Сот барысында Honda Odyssey жүргізушісі кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтып, қаза тапқандардың туыстарынан кешірім сұраған. Оның айтуынша, жол апатына күн сәулесінің шағылысы себеп болған. Сондай-ақ сотталушы тарап марқұмдардың отбасыларына материалдық көмек көрсеткені анықталды.
Жәбірленуші тараптың төртеуі моральдық және материалдық шығын ретінде жалпы сомасы 56,6 млн теңге көлемінде азаматтық талап-арыз берген.
Сот ер адамды жол қозғалысы ережесін бұзып, абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырғаны үшін кінәлі деп таныды. Оған 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Сонымен қатар сот өтемақы көлемін азайтып, нәтижесінде сотталған азамат 21,6 млн теңге төлеуге міндеттелді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.