Ақтөбеде жеңіл өнеркәсіп неге дамымай отыр?
Бүгінде елімізде жеңіл өнеркәсіпті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған жол картасы жүзеге асырылуда. Алайда өнеркәсібі көп Ақтөбе өңірінде бұл сала әлі күнге дейін дамымай келеді, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Қазіргі таңда Ақтөбе облысында жеңіл өнеркәсіп саласына ерекше үлес қосып отырған бірді-екілі ғана кәсіпорын бар. Оның бірі «A-Textile» ЖШС-на қарасты Ақтөбе тігін фабрикасы болса, екіншісі - «Глобал – Спецодежда» ЖШС-ның арнайы киімдер тігетін фабрикасы.
Ақтөбе облыстық дизайнерлер мен тігіншілер қауымдастығының төрағасы Күләш Бакишеваның айтуынша, Ақтөбе облысында жеңіл өнеркәсіпті дамытуда мәселе көп.
Қазір облысымызда екі кәсіпорын жұмыс істеп жатқанымен, оның бірі «Глобал – Спецодежда» серіктестігінің фабрикасы қазақстандық тауар өндіруші болып саналғанымен, басшысы - Ресей Федерациясының азаматы. Сондықтан бізде тігін фабрикасынан басқа ірі өндіріс орны жоқ. Әрине, өңірде үлкен-кішілі тігін цехтары бар. Олар арнайы тапсырыспен жұмыс істейді. Дегенмен олар облыс халқының сұранысын толық қанағаттандыра алмайды. Негізінен, Ақтөбе өндірісі көп аймақ болғанымен, осы салаға ерекше көңіл бөлінбей келеді, - дейді ол.
Оның айтуынша, облыста жеңіл өнеркәсіптің дамымай отырғандығының басты себебі - елімізде шикізаттың өндірілмеуі. Мәселен, бүгінде Қазақстанда қарапайым түйме мен ысырма да шығарылмайды екен.
Қазір тігін фабрикалары шикізатты Түркиядан, Өзбекстаннан, Қытайдан тасып отыр. Тіпті, оларды жеткізуде қазір қаншама проблема туындайды. Осыдан келіп шикізат тапшылығы пайда болып отыр. Екінші мәселе — тәжірибелі, кәсіби мамандардың аздығы. Біздің қауымдастық осы мәселені қолға алып, соңғы жылдары облыс бойынша «Жас маман» бағдарламасын жүзеге асыруға бастама жасады. Соның нәтижесінде бүгінде біз облыстағы Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті мен Ақтөбе сервис колледжінің студенттерін оқытып, оларды үш айлық және алты айлық тігін курстарымен қамтып отырмыз. Ең қуаныштысы, осы бағдарлама аясында оқып жатқандар шәкіртақы алады. Сондай-ақ олар тігін цехтарына қосымша жұмысқа да орналастырылады, - дейді Күләш Бакишева.
Келесі мәселе - облыста жеңіл өнеркәсіп саласында жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлерге коммуналдық қызмет бағасына жеңілдіктің болмауы. Олай дейтініміз бүгінде ақтөбелік кәсіпкерлер коммуналдық қызмет құнын заңды тұлға ретінде зауыт-фабрикалармен бірдей тарифпен төлеп келеді. Ал бұл кәсібін дамыта алмай отырған кәсіпкерлерге қиындықтар әкеліп отыр. Олар көп шығынға ұшырап, кәсібі жүрмей қалады.
Біз осы мәселені көтеріп, облыс әкімдігіне де, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасына өтініш жасаған едік. Алайда әзірге нәтиже жоқ. Егер коммуналдық қызметтердің бағасы азайса, тігін цехтары бар кәсіпкерлерге бұл барынша көмек болған болар еді. Цех демекші, қазір Ақтөбе қаласының өзінде кәсібі жүріп тұрған, халықтың сұранысын барынша өтеп отырған 5-6 тігін цехы бар. Сондай-ақ брендтік киімдер тігіп, облысымыздың, Қазақстанның атын әлемге танытып жүрген дизайнерлеріміз де бар. Оларға да осындай жеңілдіктер болса, субсидия төленсе, нұр үстіне нұр болар еді, - дейді қауымдастық төрағасы.
Ақтөбе облыстық дизайнерлер мен тігіншілер қауымдастығында бүгінде 70-ке жуық мүше болса, соның 20-сы - өз бетінше оқу курсынан өтіп, кәсіп бастаған әйелдер. Былтырдан бастап қауымдастықтың төрағасы Күләш Бакишеваның бастамасымен «Анаға тағзым» орталығында қиын жағдайға тап болған қыз-келіншектерге арналған курс ұйымдастырылып келеді.
Бүгінде біз тігіншілікті үйренгісі келетін қыз-келіншектерге тегін курстар өткіземіз. Оларды сол жерде оқытып, шеберлік сыныптарын ұйымдастырамыз. Менің өзімнің де тігін цехым бар. Дизайнерлер, қолөнершілер болып осы орталықта бас қосып, әр түрлі пайдалы іс-шаралар өткіземіз. Бүгінге дейін 20 шақты қыз-келіншек ателье ашып, кәсібін дамытып жатыр. Көбі үйлерінде отырып тігеді. Бірқатары грант ұтып алып, кәсібін кеңейтуге талпынуда. Бұл орайда көп балалы, жалғызбасты аналарға қолдау көрсетуге дайынбыз. Бүгінге дейін біз жүзге жуық адамға көмек көрсеттік, - дейді Күләш Бакишева.
Облыстағы бірегей кәсіпорын - Ақтөбе тігін фабрикасы балаларға, ер және әйел адамдарға арналған киімдер шығарады. Мұнда қазір жылына 240 мың дана өнім шығарылады. Биыл жыл соңына дейінгі жоспар да осы. Кәсіпорында 80 адам жұмыс жасайды.
Кәсіпорнымыз үшін басты проблема отандық шикізаттың тапшылығы мен тәжірибелі мамандардың аздығы болып отыр. Біз бұл орайда мамандарды оқытуға, олардың тәжірибе жинауына барлық мүмкіндікті жасап отырмыз. Дегенмен бұл аздық етеді. Ал шикізаттың барлығын Түркия мен Өзбекстаннан тасып отырмыз. Олардың бағасы өссе, біздің де өнімдердің бағасы қымбаттайды. Бәрі шикізатқа тәуелді, - дейді «A-Textile» ЖШС директорының орынбасары Үмітбек Ермағамбетов.
Тігін фабрикасы осыдан үш жыл бұрын ашылған болатын. Ол кезде кәсіпорын Сәңкібай батыр даңғылынан үлкен ғимаратты жалға алған. Қазір «ПОШ» аталып кеткен ғимаратты жалға алып, жұмыс жасап жатыр.
Фабриканың о бастан баспанасы болған жоқ. Қаншама рет мемлекеттен фабрика үшін жер сұрағанбыз. Алайда әлі күнге дейін жер ала алмай келеміз. Облыс әкімдігі жер береді, бірақ ол біз үшін тиімді емес. Бізге қала аумағынан қолайлы жер керек. Себебі жұмысшыларымыз кәсіпорынға қауіпсіз, әрі тез жетуі керек. Қаланың шетіне көшсек, адамдарға тиімсіз. Біз жұмысшыларымыздың да, тұтынушыларымыздың да жағдайын ойлауымыз керек, дейді Үмітбек Ермағамбетов.
Оның айтуынша, тігін фабрикасы - тек Ақтөбедегі ғана емес, еліміздегі бірегей кәсіпорын. Бұл жерден шығарылатын барлық өнім сапалы, бағасы да қолжетімді. Қазір Ақтөбе облысы бойынша фабрика өнімдері қаладағы екі дүкенде сатылады. Сондай-ақ көрші облыстардан да түсетін тапсырыс жоғары.
Айта кету керек, бүгінде еліміз бойынша жеңіл өнеркәсіп саласында 1071 кәсіпорын бар екен. Оның 40-ы ірі кәсіпорын болса, қалғаны - тігін цехтары. Алдағы уақытта өңірлерде осы саланы дамытуға мүмкіндік жасалса, олардың саны да, сапасы да артатынына сенім мол. Ең бастысы, осы саланы дамытуға бет бұрған кәсіпкерлерге қолдау керек.