Ақтөбеде жазатайым оқиғалардан 4 адам көз жұмды

Жыл басынан бері Ақтөбедегі кәсіпорындарда жазатайым оқиғалар салдарынан төрт адам көз жұмды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы Жандос Әлімовтің айтуынша, 2024 жылдың І тоқсанында өңірде 18 адам зардап шеккен. Оның 4-еуі жұмыс орнында көз жұмған.

 Жазатайым оқиғалардың басым бөлігі облыстың тау-кен металлургия өнеркәсібінде болады. Мысалы, биылғы жазатайым оқиғалар «Қазхром» трансұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Дөң тау-кен байыту комбинатында, сондай-ақ «Ақтөбе мыс компаниясы» серіктестігінің тау-кен өндіру кәсіпорнында тіркеліп отыр. Дөң тау-кен байыту комбинатында болған 3 жазатайым оқиғаның негізгі себебі — тау-кен рудасының опырылуы. Ал Ақтөбе мыс компаниясында тіркелген 3 жазатайым оқиға зардап шеккендердің құлауы салдарынан болған, — дейді Ж.Әлімов.

Оның айтуынша, мұндай жағдайларға әуелі зардап шеккен азаматтардың жұмыс орнында өрескел салғырттыққа жол беруі, сондай-ақ жұмыс беруші тарапынан жұмысты қанағаттанарлықсыз ұйымдастыруы себеп болады. Биыл осындай жазатайым оқиғаларды тергеуде 17 материал құқық қорғау органдарына жіберілген.

Қазіргі таңда облыстың еңбек ұжымдарында жағдай тұрақты, кәсіпорындар қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр. Тек облыста жүргізілген «Еңбек тәуекелі картасы» мониторингіне екі кәсіпорын енгізіліп отыр. Оның бірі жұмысшыларының жалақысын дұрыс төлемеген «Ақтөбе Сәулет» компаниясы болса, екіншісі — қызметкерлері жалақыны көтеруді талап еткен «М-Техсервис» серіктестігі. Бүгінде «Ақтөбе Сәулет» серіктестігіне жоспардан тыс тексеру жоспарланып отыр. Тексеру қорытындысы бойынша жұмыс берушіге шара қолданылады, — дейді Ж.Әлімов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov.kz
Өзгелердің жаңалығы