Ақтөбеде «Жасыл ел» еңбек жасағының ХVIІІ маусымы аяқталды
«Жасыл ел» еңбек жасағының ХVIІІ жұмыс маусымының жабылуына орай ұйымдастырылған салтанатты рәсімге Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, «Жасыл ел» штабының өкілдері, еңбек жасағының сарбаздары, ЖОО студенттері мен колледж оқушылары қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өңір басшысы Ералы Тоғжанов маусымды қорытындылап, жобаның маңыздылығын ерекше атап өтті.
«Жасыл ел» - жалпықазақстандық қозғалысқа айналған ауқымды жобалардың бірі. Ол жастарды маусымдық жұмыспен қамтып қана қоймай, өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді оятуға баулиды. Біз жастардың бойында экомәдениетті қалыптастырып, саналы тұтынуды қолдайтын, сауатты ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет. Қоршаған ортаны таза ұстау мәселесін басты назарға алғанда ғана адамзат, болашақ ұрпақтың дені сау болады, табиғатқа қамқорлық артады. Жоба өте маңызды, алдағы уақытта да жалғасын табады, - деді құттықтау сөзінде облыс әкімі.
«Жасыл ел» жобасы биыл облыс бойынша 4 мыңға жуық еңбекшіл жастың басын қосты. Бұл – бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш.
Жарты жылда сарбаздар көгалдандыру, аумақтарды, саябақтарды абаттандыру жұмыстарына, тақырыптық іс-шараларға белсене қатысып, экологиялық акциялар ұйымдастырды. Сондай-ақ, құрылыс алаңдарында жұмыс істеді.
Ералы Тоғжанов салтанатты шарада жобаға атсалысқан 30 жауынгерді алғыс хаттармен марапаттап, Астана қаласына үшкүндік саяхатқа жолдама берді.