Ақтөбеде жаңа оқу жылында өнер мектебі мен спорт кешені ашылады

Ақтөбе облысы Қарғалы ауданындағы өнер мектебі мен спорт кешені жаңа оқу жылында балаларды қабылдайды, деп хабарлайды BAQ.KZ өңір әкімідігіне сілтеме жасап.

Өңір басшысы Қарғалы ауданына жұмыс сапарында Бадамшада салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен өнер мектебіне барды. Екі нысанның да құрылысы ұзаққа созылған. Биыл мердігерлер оларды халық игілігіне беруге міндетті.

Аудан орталығындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы 2018 жылы басталды. Бірінші мердігер жосықсыз деп танылып, онымен арадағы келісімшарт бұзылды. Нысан құрылысы осылайша ұзаққа созылды.

Былтыр жыл соңында жаңа мердігер ретінде «Baspana Build» ЖШС анықталып, ол кешен құрылысын аяқтауға уәде берді. Бүгінгі таңда мұнда барлық әрлеу жұмыстары аяқталған. Компания спорт нысанының қалған құрылысына 126 млн.теңге жұмсады.

Осы спорт мекемесінің қасында орналасқан Бадамша өнер мектебінің іргетасы төрт жыл бұрын құйылды. Алайда, құрылыс материалдары бағасының шарықтауына байланысты жоба бірнеше рет түзетуге жіберілді. Қаржы мәселесі шешілгенімен, нысанның құрылысы тоқтап қалды.

Бүгінде бұл екі қабатты ғимараттың да ішкі әрлеу жұмыстары толығымен аяқталды. Енді «Стройком+Сервис» ЖШС нысан аумағын абаттандыруы тиіс. Мектеп – 150 орындық. Жұмыс құны 600 млн теңгені құрады.

Өнер мектебін де, дене шынықтыру-сауықтыру кешенін де тұрғындар ұзақ күтті. Оқушылар қазір жазғы демалыста. Сол себепті, абаттандыру мәселесінде асығыс танытудың қажеті жоқ. 1 тамызға дейін уақыт бар. Толықтай құжаттамалық, тағы сыртқы жұмыстарды аяқтаңыздар, - деп облыс әкімі мердігерлер мен жауапты мемлекеттік орган басшыларына нақты тапсырма берді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы