Ақтөбеде зағип жандар жұмыс істейтін цех ғимараты тозып тұр
Ақтөбе қаласындағы “Қазақ зағиптар қоғамы” қоғамдық бірлестігінің оқу-өндірістік кәсіпорнына жөндеу керек, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінде аталған кәсіпорын құрамында екі цех бар. Оның бірі тігін цехы болса, екіншісі — қағаз пакеттер шығаратын цех. Қазір цех ғимараттары тозып тұр. Одан бөлек, кәсіпорын орналасқан аумаққа асфалть төсеу керек.
- Кәсіпорын қазір өзін-өзі қаржыландырады. Мұнда жалпы саны 30-дан астам адам жұмыс істейді. Олардың көбі — зағип жандар. Кәсіпорын жұмысшыларының жалақысы — 120-130 мың теңге аралығында. Қазір біз мұнда жұмысшыларға қажет қолғаптар, төсек-орын жабдықтарын, сондай-ақ қағаз пакеттер шығарамыз. Соңғы жылдары бізге тапсырыс беретін компаниялардың үлесі азайып кетті. Тіпті, қазір қағаз пакетке тапсырыс түспей отыр. Негізінен, бұл өніміміз экологиялық жағынан өте пайдалы. Дегенмен жеке кәсіпкерлер арасында тапсырыс беретіндер аз. Мұнда күніне 40-50 мың дана эко-пакет шығарылады. Цехта екі адам жұмыс істейді, - дейді кәсіпорын басшысы Дәметкен Жалмағамбетова.
Оның айтуынша, бүгінде кәсіпорынның электр желісін толығымен ауыстыру қажет. Сондай-ақ кәсіпорынға баратын жолға асфальт төсеу керек. Өйткені көшелердің жолы шұрқ-тесік.
Тігін цехында көп жылдан бері жұмыс істейтін Жұмахмет Сәрсенбаевтың айтуынша, зағип жандарға кәсіпорында қолайлы жағдай жасау маңызды.
— 1978 жылдан бері осы цехта жұмыс істеймін. Өзім бірінші топ мүгедегімін. Бала кезімде екі көзіме әйнек тиіп, содан кейін көрмей қалдым. Отбасым бар, жолдасым да мен сияқты зағип жан,- дейді ол.
Белгілі болғандай, кәсіпорынға жөндеу қашан жүргізілетіні белгісіз, себебі көп қаржы керек. Ал көшеге асфальт төсеу мәселесі келер жылы қарастырылмақ.