Ақтөбеде ұшқыштар даярлайтын институттың 100-ден аса түлегі офицер атанды

Ақтөбеде Әуе қорғанысы күштері әскери институтының түлектеріне офицерлік атақ беру рәсімі өтті. Салтанатты іс-шара «Қазақ халқына мың алғыс» стеласы алаңында ұйымдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Екі мәрте Кеңес Одағының батыры, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновтің есімі берілген бұл оқу орны 50 жылдан астам тарихында мыңдаған кәсіби әскери мамандарды даярлап, адал офицерлердің ұстаханасына айналды.

Мерекеге Қорғаныс министрлігінің басшылығы, институттың профессорлық-оқытушылар құрамы, ардагерлер, қонақтар мен түлектердің ата-аналары қатысты.

Әскери қызмет – үлкен құрмет әрі зор жауапкершілік. Сіздер білім алып, тәртіпке үйрендіңіздер. Енді Қазақстанның әуе шебін қорғап, бейбіт тұрғындардың тыныштығын күзетесіздер, – деді Қорғаныс министрінің орынбасары, Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы генерал-майор Қайрат Садықов.

Шараның ең әсерлі сәттерінің бірі – дәстүрлі офицерлік вальс болды. Биылғы түлек Даниэль Дәулет өзінің сүйіктісі, медициналық ротаның 3-курс курсанты Айарумен бірге вальс биледі.

Айарумен өткен жылы тәжірибеден оралған күні таныстым. Бүгін оны ата-анама ресми таныстырдым. Алда бізді әртүрлі қалаларға қызметке жібереді, бірақ бірге болуды және мықты отбасы құруды армандаймыз, – деді жас офицер.

Жас лейтенанттар үшін бұл күн курсанттық өмірмен қоштасу ғана емес, әскери мансаптың басталуы болды. Түлектер енді еліміздің түрлі әскери бөлімдерінде қызмет атқарып, Отан қауіпсіздігін қорғауға кіріседі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы