Ақтөбеде үш ауысымды мектептер мәселесі қашан шешіледі?
Ақтөбе облысында үш ауысымды мектептер мәселесі әлі күнге дейін шешілмей келеді. Бүгінде өңірде мұндай 3 мектеп бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыстық білім басқармасы инфрақұрылымдық және материалдық-техникалық даму бөлімінің басшысы Ләззат Ордабаеваның айтуынша, қазіргі таңда өңірде жалпы саны 403 мектеп болса, соның үшеуінде оқушылар үш ауысымда білім алып жатыр. Олар — Ақтөбе қаласында орналасқан №60, №64 және №78 орта мектеп.
Аталған мәселені шешу үшін бүгінде Ақтөбе қаласындағы Дінмұхамед Қонаев атындағы №60 орта мектепте 600 орынға арналған қосымша құрылыс ғимараты салынып жатыр. Одан басқа №3 шағын ауданда “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы аясында 2000 орындық мектептің құрылысы жүргізілуде. Сол сияқты №78 орта мектеп-гимназиясындағы орын тапшылығы мәселесін “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 2 мың орынға арналған мектеп құрылысы шешетін болатын. Осылайша биыл Есет батыр тұрғын алабында бір ауысымда 4600 оқушыға арналған 3 нысан пайдалануға беріледі. Екі ауысымда мектептер 9200 оқушыны қабылдай алады. Ал Алтын орда тұрғын алабындағы Ұзақбай Құлымбетов атындағы №64 орта мектептегі орын тапшылығы екі мемлекеттік мектеп ашылса толық шешілмек. Атап айтсақ, аталған екі мектептің біреуі — 2 мың, екіншісі 900 орынға арналған. Нәтижесінде биыл жыл аяғына дейін Алтын Орда тұрғын үй алабында 9800 орындық үш мектеп пайдалануға беріледі, - дейді Ләззат Ордабаева.
"Жайлы мектеп": қанша нысан салынады?
Оның айтуынша, бүгінде Ақтөбе облысында үш ауысымды және апатты жағдайда тұрған мектептердің мәселесін шешу үшін жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Бұл орайда өңірде 2023-2025 жылдар аралығында 21,5 мың орынға арналған 44 жаңа мектеп салу жоспарланған. Осы жоспарға сәйкес, 2023 жылы облыста 3590 орынға арналған 5 мектеп ғимараты салынып, пайдалануға берілген. Олардың қатарында Ақтөбе қаласындағы №14 орта мектеп жанындағы 150 орындық қосымша ғимарат, №12 орта мектептің жанындағы 200 орындық қосымша құрылыс, Алтын Орда тұрғын алабындағы 2620 орындық «BILIM SMART» жеке мектебі, Алға ауданы Маржанбұлақ ауылындағы 300 орындық мектеп және Шалқар ауданы Шалқар қаласындағы 320 орындық мектеп бар.
Өткен жылы Ақтөбе облысында 4450 орынға арналған 15 мектеп пайдалануға берілді. Олар — Әйтеке би ауданы Жүргенов ауылындағы 60 орындық мектеп-интернаты бар 270 орындық мектеп, Ырғыз ауданы Жарма ауылындағы 60 орындық мектеп, Қобда ауданы Терісаққан ауылындағы 60 орындық мектеп, Мұғалжар ауданы Ембі қаласындағы 320 орындық мектеп, Алтынды ауылындағы 60 орындық мектеп, Талдысай ауылындағы 100 орындық мектеп, Темір көпір станциясындағы 60 орынға арналған мектеп, Шалқар ауданы Қарашоқат станциясындағы 120 орындық мектеп, Ақтөбе қаласындағы №2, №47, №49 орта мектептер жанынан салынған қосымша құрылыстар, Қызылжар тұрғын алабындағы 320 орынға арналған мектеп және “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы аясында салынған Ақжар және Есет батыр тұрғын алаптарындағы мектептер, - дейді бөлім басшысы.
Биыл өңірде 28 мектеп салынып жатыр. Бұл мектептер болашақта 13 630 оқушыны қабылдайды. 28 мектептің 12-сі жергілікті бюджет есебінен салынып жатса, 12-сі “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы аясында, ал 3620 орынға арналған 2 мектеп жеке инвесторлар есебінен бой көтеріп жатыр. Сондай-ақ 380 орындық 2 мектеп арнайы резерв есебінен тұрғызылуда.
Қазіргі таңда Әйтеке би ауданының Жүргенов ауылында 320 орынға, Қобда ауданының Терісаққан ауылында 60 орынға және Ақтөбе қаласының Қызылжар тұрғын массивінде 320 орынға арналған мектептер құрылысы пайдалануға берілуіне байланысты апатты мектептердің саны 5-тен 2-ге дейін азайтылды. Қалған Шалқар ауданындағы Бозой орта мектебі облыстық бюджет есебінен, ал Темір ауданындағы Кереев атындағы орта мектеп “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы аясында салынатын жаңа мектептердің құрылысы шеңберінде шешілуде, - дейді Л.Ордабаева.
Өңірде 19 мың оқушыға орын тапшы
Бүгінде Ақтөбе облысында үш ауысымды мектептер мәселесінен бөлек, орын тапшылығы проблемасы да күн тәртібінде тұр. Мәселен, 2024-2025 оқу жылының басында 60 мектептегі орын тапшылығы 19 351 орынға жеткен. Оның ішінде Ақтөбе қаласы бойынша 39 мектепте оқушыларға 14 929 орын жетіспейді. Жыл сайын өңірде жаңа мектептер пайдалануға берілгенімен бұл мәселе шешімін таппай келеді.
Ләззат Ордабаеваның айтуынша, бүгінде орын тапшылығы мәселесі Ақтөбе қаласындағы №8, №9, №11, №16, №17, №18, №21, №22, №24, №25, №31, №45, №46, №47, №56, №63, №71, №73, Елек және Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепте тіркелген. Сондай-ақ Байғанин ауданындағы Т.Жармағамбетов атындағы орта мектепте, Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласындағы №2, №3, №4, Ембі қаласындағы №2, №3, №4 орта мектептерде, Темір ауданындағы Ж.Кереев атындағы орта мектеп пен Кеңкияқ орта мектебінде, Шұбарқұдық мектеп-гимназиясында, Мәртөк ауданындағы Сарыжар, Хлебодар орта мектептерінде оқушыларға орын жетіспей келеді.
Негізінен бұл мектептерде инфрақұрылым қалыптасқан, ғимараттары көп қабатты үйлер арасында орналасқан. Сондықтан Ақтөбе қаласында негізгі мектептердің ауласына қосымша құрылыс салу арқылы бұл мәселе шешімін табуда. Мәселен, бұл орайда облыс орталығында 2017-2024 жылдар аралығында мектеп жанынан 3229 орынға арналған 17 қосымша құрылыс салынды. Қазіргі таңда 1500 орынға арналған 4 жапсарлас ғимараттың құрылысы жүргізіліп жатыр. Сол сияқты аудандарда бұл мәселені шешу мақсатында жаңа білім ошақтары бой көтеруде. Мысалы, Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласындағы №2, №3, №4, №5 орта мектептердегі орын тапшылығы мәселесін шешу үшін 600 орындық екі мектеп салынуда. Бұл білім ошақтары алдағы уақытта 2400 оқушыны қабылдай алады. Сонымен қатар осы аудандағы Ембі қаласында 4 мектептегі орын тапшылығы мәселесін шешу үшін былтыр 320 орындық мектеп ашылса, биыл 600 орынға арналған білім ордасының құрылысы жүргізіліп жатыр, - дейді бөлім басшысы.
Айта кету керек, биыл жыл соңына дейін Ақтөбе облысында 24 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда, ал екі мектеп 2026 жылы іске қосылады.
"Кабинет жетіспейді, спорт зал керек..."
Ақтөбе қаласындағы үш ауысымды мектептердің бірі — №78 орта мектеп-гимназиясы. Бүгінде мұнда 2437 оқушы білім алуда.
Мектеп директоры Жанар Сейтмағанбетованың айтуынша, мектеп ғимараты 900 орынға арналған. Яғни, мұнда екі ауысымда 1800 оқушы ғана білім алуы тиіс. Алайда қазір орын тапшылығына байланысты мұнда бастауыш сынып оқушылары үшінші ауысымда оқуға мәжбүр.
Қазір мектебімізде үшінші ауысымда оқитын 3-сынып оқушылары сабақтан кеш шығады. Осыған байланысты балаларының қауіпсіздігін ойлап, ата-аналар бізге жиі шағымданады. Алайда бұл мәселе бірнеше жылдан бері шешілмей келеді. Бұл проблемаға байланысты біз облыстық білім басқармасына мектеп жанынан жапсарлас ғимарат салу туралы ұсыныс білдірдік. Дегенмен басқарма тарапынан биыл Есет батыр тұрғын алабында жаңа мектептер салынып, бұл мәселе шешілетіндігі жеткізілді. Біз осы орайда сараптама жасадық, алдағы уақытта ашылатын №3 шағын аудандағы жаңа мектепке біздің мектеп-гимназиядан тек 100 оқушы ғана ауысқысы келіп отыр. Ал қалған оқушылардың қайда баратыны әзірге белгісіз, - дейді мектеп директоры.
Негізі бұл мектеп-гимназия Есет батыр тұрғын алабы №1 шағын ауданының халқы үшін салынған. Алайда мұнда көрші шағын аудандардан қатынап отырған оқушылар жетерлік. Жалпы, соңғы жылдары аталған тұрғын алапта халық саны көбеюде. Осы орайда бала саны да артуда.
Біздің оқу орнымызда тәжірибелі ұстаздар көп. Олар оқушыларға қосымша білім беріп, үйірмелер ашқысы келеді. Ал үйірмелер жұмысын жүргізуге мектепте кабинеттер жетіспейді. Сондай-ақ мектеп ғимаратында бір ғана спорт зал бар. Бір зал барлық класқа жетпейді, себебі бала көп. Алдағы уақытта мектебімізде тағы бір спорт залы салынса екен дейміз, - дейді Жанар Сейтмағанбетова.
Р.S. Қалай десек те қазір облыс орталығындағы 3 мектеп үш ауысымда оқуға мәжбүр. Соның салдарынан оқушылар қыс мезгілінде сабақтан кеш қайтады, ал бұған ата-аналар қатты алаңдаулы. Себебі қазір балалардың қауіпсіздігі өте өзекті мәселе боп тұр. Әзірге бұл мәселе қашан шешілетіні белгісіз. Дегенмен өңірде жаңа мектептердің бой көтеріп жатқаны қуантады. Сіз дейсіз, оқырман?