Ақтөбеде тұрғын үйлердегі лифттер ескірген
Ақтөбедегі 318 көппәтерлі тұрғын үйдегі 973 лифтінің 144-і немесе 15 пайызы нормативтік пайдалану мерзімінен асып кеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе қалалық әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде облыс орталығындағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарда жалпы саны 1274 лифт бар. Оның ішінде көппәтерлі тұрғын үйде орналасқан лифттердің бір бөлігі нормативтік пайдалану мерзімінен асып кеткен, яғни оларға 25 жыл болған. Бұдан бөлек, қазіргі таңда техникалық жағдайына байланысты 7 лифт тоқтап тұр, ал 13 лифт кезек күттірмей шұғыл ауыстыруды қажет етеді.
Бұл лифттер мүгедектер мен зейнеткерлердің қозғалысына кедергі келтіріп отыр. Бұл лифттерді бірінші кезекте ауыстыру басты назарға алынды. Жалпы, қаламызда 2021 жылдан бастап 126 апаттық лифт жөнделіп, жабдығы ауыстырылды. Мәселен, 2021-2022 жылдары — 33, 2023 жылы 93 лифт ауыстырылған болатын. Ал былтыр 138 лифтті ауыстыруға республикалық бюджеттен 1 миллиард 656,0 миллион теңге қаржы бөлу үшін Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы комитетіне бюджеттік өтінімдер жолданған болатын. Биыл тағы да бұл ұсыныс қайта қаралып, бюджеттік өтінімдер берілді. Алайда бүгінгі күнге дейін бұл жобаларға республикалық бюджеттен қолдау болмай отыр, - дейді қала әкімдігінің баспасөз хатшысы А.Бәйменова.
Бүгінде бір лифттің жиынтық құны — 12,0 млн теңге. Ал 138 лифтті ауыстыру үшін қыруар қаржы керек.
Ақтөбе қаласының тұрғыны Лида Берікқызы көп жылдан бері Д.Қонаев көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйде тұрады.
- Үйіміздегі лифт ескіріп тұр. Ауыстыруға ақша керек. Тиісті мекемелерге ұсыныс тастадық, дегенмен жауап жоқ. Жалпы, Ақтөбеде лифт жабдықтарын сататын мекеме жоқ, ал жөндейтін ұйым санаулы, - дейді ол.