13 Қараша 2026, 11:31 Фото: видеодан алынған кадр

Ақтөбеде тұрғын үйдің астындағы дәмханада жарылыс болды

Жарылыстан кейін ғимаратқа жапсарлас құрылыс опырылып, өрт тұтанған. Оқиға орнында құтқарушылар жұмыс істеп жатыр.

Ақтөбе қаласында бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан дәмханада газ-ауа қоспасы жарылды. Салдарынан ғимаратқа жапсарлас салынған құрылыс бөлігі опырылып, өрт шықты. Оқиға кезінде екі адам зардап шекті.

Төтенше жағдай 13 қараша күні сағат 10:28-де Тәуелсіздік даңғылы, 14/1 мекенжайында болған.

Оқиға салдарынан дәмхананың жапсарлас құрылысы құлап, кейін өрт тұтанған. Сондай-ақ бес қабатты тұрғын үйдің терезе конструкциялары зақымданған.

Оқиға орнына облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жедел жетті. Өрт сағат 10:53-те толық сөндірілді.

Төтенше жағдай салдарынан екі адам зардап шегіп, олар жедел жәрдем бригадасымен ауруханаға жеткізілді. Қаза тапқандар жоқ.

Оқиға орнында Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы жүр. Өртті сөндіру және салдарын жою жұмыстарына 45 жеке құрам қызметкері мен 10 техника жұмылдырылды.

Қазіргі уақытта газ-ауа қоспасының жарылу себептері мен оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.