Ақтөбеде тазылар көрмесі өтті

Бүгін Ақтөбеде қазақы тазылардың көрмесі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық “Құмай тазы” федерациясының вице-президенті Жасұлан Жақсылықовтың айтуынша, көрмеге 100-ге тарта тазы қатыстырылған. Көрмеге Астана, Алматы қалаларынан арнайы сарапшылар келіп, тазылардың тұмсығының, белінің ұзындығын өлшеп, жан-жақты бағалау жүргізген.

Бүгінгі көрменің мақсаты— қазақы тазылардың тұқымын сақтап қалу, оларды асылдандыру. Меніңше алдағы уақытта осындай шараларды жиі ұйымдастыру керек. Бүгінгі көрмеге Ақтөбенің тазы жанашырлары жиналып жатырмыз. Бізге енді түрлі жарыстар өткізуде жүлде тағайындауға қолдау көрсетілсе екен дейміз,-дейді ол.

Көрмеге Ақтөбе облысының аудандарынан келген тазылар көп болды. Сарапшылар тазылардың дене бітімін, аяқ сүйектерін, тісін, тырнағын байқап, қандарының тазалығына назар аударды. Барлық талапқа сай келгендері арнайы жүлделерге ие болды.

Көрмеге қатысқан тазылардың бәрін сарапшылар жоғары бағалады. Біздің клуб қазақы тазы тұқымын халықаралық деңгейде танытуды көздейді,— дейді кинологиялық клуб жетекшісі Роза Доленко.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы