Ақтөбеде табылған сөмкедегі 5 миллион теңгені иемденіп алған полицейлер сотталды
Ақтөбеде полиейлер табылған сөмкедегі 5 миллион теңгеден астам қаражатты иемденіп алған, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақтөбе облыстық сотының ресми сайтына сілтеме жасап.
Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, екі полицей қызметте отырып, тауып алып келген ааматтан сөмкені қабылдап алған. Кейін 2 адамға тиесілі сумканың ішіндегі 5330 000 теңгені өздері иемденіп алған.
Сотталушылардың кінәсі дәлелдемелер жиынтығымен, оның ішінде жәбірленушілердің, куәлардың айғақтарымен, бейнежазбалармен расталды. Сотталушылардың қылмыстық жауаптылығын жеңілдететін мән-жайлары ретінде сот шын жүректен өкінгенін, жасөспірім балаларының болуын және жәбірленушілерге келтірілген залалды толық көлемде өтегенін ескерді. Сотталушылардың қылмыстық жауаптылығын ауырлататын мән-жайлар ретінде сот олардың өздері берген сертін бұзғаны және алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып, қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп шешті, – делінген хабарламада.
Сот сотталушыларды ҚК-нің 361-бабының 4-бөлігі 3 - тармағы бойынша кінәлі деп танып, оларға белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.