Ақтөбеде "сыра бокалы" құлады: Әкімдік даулы безендіруді жоққа шығарды
Қала көшелеріндегі жарық бағанасы халық арасында кеңінен талқыланып жатыр.
Желіде Ақтөбе қаласы Бауыржан Момышұлы даңғылының бойында қатты екпінді желдің салдарынан үстіне қала тұрғындары "сыра бокалы" деп атап кеткен сәндік құрылым бекітілген жарық бағанасының құлағаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Абырой болғанда, бағана құлаған сәтте маңайда көлік те, жаяу жүргінші де болмаған.
Қала тұрғындарының айтуынша, бұл аумақта осындай конструкциялар едәуір көп орнатылған. Ауа райы жағдайын ескере отырып, олардың қаншалықты берік екеніне тиісті қызметтер қосымша назар аударуы қажет.
Сәндік құрылымның құлауынан бөлек, оның пішіні әп сәтте сынның астында қалды.
«Жылда құлайды, осыны өзгертуге болмай ма? Әлде осыдан басқа фантазия жоқ па?»
«Бұларды бақылайтын адам бар ма? Осымен нешіншісі құлады»
«Ораза болған соң құлаған шығар»
«Мұны әкімдіктегілерге қай «маркетинг данышпаны» ойлап тауып берген?»
«Басқасын жасаңыздаршы, мына безендіру сұмдық!» деп жазды желі қолданушылары.
«Іші бос болғаны жақсы болған екен».
«Бос болған соң құлады ғой» деп әзілдегендер де болды.
Аталған мәселе туралы қала әкімдігінен сұрағанымызда, безендірудің сипатын жоққа шығарды.
Бұл “сыра бокалы емес”. Кәдімгідей жолдың бойында тұрған көше жарығын беретін түнгі шам. Бұл көше шамдары даңғыл бойында оншақты жылдан бері жарық беріп тұр. Қатты желдің салдарынан түнде бір шам құлады, оны жолдың жүріс бөлігіне кедергі келтірмеуі үшін сол бойда алып тастады. Жел басылған соң қайтадан орнына ілінеді. Басқа нысандар аман-сау, бүлінген нысан жоқ, - деп жауап берді әкімдіктен.