Ақтөбеде су тасқыны кезінде кәсіпкерлер азық-түлік бағасын өсірген

Ақтөбе облысында су тасқыны кезінде азық-түлік бағасын өсірген кәсіпкерлер анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жыл басынан бері өңірде 16 кәсіпкер әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын 15 пайыздық сауда үстемесінен асырып, сатқан.

Ақтөбе облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысы Қайрат Райымқұловтың айтуынша, осы деректер бойынша кәсіпкерлердің үстінен іс қозғалған. Нәтижесінде 16 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Сондай-ақ бірқатар су басқан ауылдарда азық-түліктің бағасын қымбаттатқан 6 кәсіпкерге байланысты әкімшілік іс қозғалып отыр. Олар тауардың бағасын сауда үстемесінен асырған. Оның ішінде екі кәсіпкер жауапкершілікке тартылды. Қазір біз әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 19 түріне мониторинг жүргізіп жатырмыз, - дейді Қайрат Райымқұлов.

Аталған департаменттің бас маманы Гүлзада Алматбаеваның айтуынша, жыл басынан бері тұрғындардан департаментке 353 өтініш түскен. Оның 115-і - электрондық саудаға, 129-ы - бөлшек саудаға қатысты.

Департаментке келіп түскен өтініштерді қарау нәтижесінде 248 тұтынушының өтініші оңды шешілсе, 47 адамға құқықтық көмек көрсетілді. 40 өтініш мәселенің құзыретіне сәйкес тиісті мемлекеттік мекемелердің қарауына қайта жолданды. Өтініші бойынша тұрғындарға 6 миллион теңге қаражат қайтарылды, - дейді Гүлзада Алматбаева. 

Сондай-ақ департамент мамандары тұрғындардан түскен шағымдар аясында бір ірі және 36 шағын бизнес өкілін әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Жыл басынан бері департамент тұтынушы құқығын бұзуға қатысты 56 сот отырысына үшінші тарап ретінде қатысқан. Бүгінде 18 сот отырысы аяқталып, 19,3 млн теңге қаражат қайтарылған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы