Ақтөбеде су басқан ауылда егіздер дүниеге келді
Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы су басқан Нұра ауылында әйел жүктіліктің 36 аптасында мерзімінен бұрын босанды, деп хабарлайды BAQ.KZ Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ауыл аудан орталығынан 90 км қашықтықта орналасқан. Тасқынның салдарынан жол жабық.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының жіберген акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматологтан құралған бригада межелі жерге дейін бара алмады.
Ауыл дәрігерлері ананы өз беттерінше босандыруына тура келді. Жүкті әйел дәрігерлік амбулаторияға жеткізілді. Жалпы тәжірибелік дәрігер мен медбикенің қатысуымен әйел сәтті босанды. Салмағы 2800 г және 3050 грамм болатын екі қыз дүниеге келді, - деп мәлімдеді ведомстводан.
Қазіргі уақытта ана мен жаңа туған нәрестелердің жағдайы жақсы. Олар қажетті медициналық көмекпен қамтамасыз етілген.
ҚМ-нің тікұшағы ана мен баланы аудан орталығындағы ауруханаға жеткізді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ырғызда эвакуациялаған тікұшақта аэровизуалды тексеру кезінде эвакуацияланғандардың ішінде екі жаңа туған нәресте болғаны айтылған еді.