Ақтөбеде соңғы қоңырау соғыла ма
Ақтөбе облысында соңғы қоңырау мерекесі тек мектеп бітіруші түлектерге өткізіледі деп жоспарлануда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биыл Ақтөбе облысында 9236 түлек мектеп бітіргелі отыр. Түлектер соңғы қоңырау шарасын сән-салтанатпен атап өткісі келетіні анық.
Ақтөбе облыстық білім басқармасы қосымша білім беру және тәрбие жұмыстары бөлімінің басшысы Гүлдана Бакиеваның айтуынша, биыл 24 мамырда облыстағы барлық мектепте 1, 4, 5-8, 10-сыныптарда бірыңғай сынып сағаттары өткізіледі. Ал соңғы қоңырау шарасы 25 мамырда 11-сынып оқушылары үшін өткізіледі деп жоспарлануда.
Соңғы қоңырау өткізу туралы бізге әлі тұжырымдама келген жоқ. Дегенмен түлектер арналған салтанатты шара 25 мамырда болуы мүмкін. Ал түлектерге аттестатты табыстау рәсімі 12-15 маусым аралығында өтеді. Мектеп базасында мектеп бітіру кештерін өткізуге рұқсат жоқ. Атап айтсақ мектеп түлектерінің мерекелік шаралар ұйымдастырып, оларға аниматорларды, жеке студияларды тартуына, дастарқан жасап, жалға берілетін автокөліктерді пайдаланып, қалада немесе қала сыртында экскурсиялар өткізуіне, мектеп әкімшілігі мен педагогикалық ұжымға сыйлыққа қаражат жинауына рұқсат берілмейді, — дейді Бакиева.
Қазір ақтөбелік түлектер «Мамыр – ынтымақ айы» айлығы аясындағы іс-шараларға қатысып жатыр. Мәселен, бүгін облыста «Таза Қазақстан» челленджі өтіп, мектеп түлектері оқу ғимараты ауласына және көшелерге ағаш екті. Ертең, Отан қорғаушылар күнінде,түлектер ұлттық патриотизмді насихаттайтын тәрбие сағаттары мен шығармашылық кештерге қатысады. Ал 10,17, 24 мамырда мектеп оқушыларына «Игі істер» акциясы, «Каникулда кітап оқиық!» буккроссингі, «Білімім – Отаныма» атты бірыңғай тәрбие сағаты өткізіледі.