Ақтөбеде скутер, мопед жүргізушілері тәртіпке бағынбай тұр
Ақтөбе облысында скутер, мопед, мотоцикл жүргізушілерінің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары көбейген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазіргі таңда полиция қызметкерлері бұл мәселе бойынша дабыл қағуда. Өйткені жаз басталғалы Ақтөбе қаласында мопед, скутер, мотоцикл жүргізетіндер көбейген. Нәтижесінде олар автокөліктерге соғысып, түрлі жарақат алып, жол қозғалысына кедергі келтіруде.
Ақтөбе қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының взвод командирі, полиция капитаны Дәурен Жаналының айтуынша, мұндай мәселенің туындауына жастар арасындағы еліктеушілік себеп болып отыр.
Біз жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін мамыр айынан бастап іс-шаралар өткізіп жатырмыз. Негізі, мопед, мотоцикл жүргізушілер жолдың оң жақ бөлігімен және жол шетімен жүруі керек. Солға бұрылу немесе кері айналуға рұқсат етілмейді. Өкінішке қарай, бүгінде жол ережесін бұзатындар көп. Бұл жағдайға қазір тосқауыл қою мүмкін емес. Қаламызда патрульдік полиция өкілдері жастарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Дегенмен оларға шектеу қоя алмаймыз, — дейді Дәурен Жаналы.
Оның айтуынша, былтыр скутер, мопед жүргізушілердің қатысумен өңірде 24 жол-көлік оқиғасы болған. Салдарынан 3 адам көз жұмып, 22 адам түрлі жарақат алған. Ал самокат жүргізгендердің арасында бір жасөспірім көз жұмып, бір адам жарақат алған.
Биыл жаз басталғалы Ақтөбе қаласында скутер, мопед жүргізушілердің қатысуымен 9 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан бір адам көз жұмды, 9 адам түрлі жарақат алды. Сондықтан ата-аналарға айтарымыз, кәмелет жасқа толмаған балаларыңызға скутер, мопед көлігін алып бермеңіздер. Балалардың өмірін қатерге тікпеңіздер, — дейді полиция капитаны.