Ақтөбеде салық төлеуден жалтарған Қытай азаматы сотталды
Ақтөбеде салық төлеуден жалтарғандар сотталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ҚМА баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақтөбе соты «Азия Бақанас» ЖШС басшысы Ақыш М.-ға және Қытай Халық Республикасының азаматы CHEN GUOQING (Чен Гоцин ) қатысты қылмыстық істі қарады. Олар жалпы сомасы 1,4 млрд теңгеге жуық аса ірі мөлшерде салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтарды деп айыпталды.
Тергеу барысында анықталғандай, ұйымдастырушы Чен Гоцин алдын ала келісе отырып, «Азия Бақанас» ЖШС-ін 2014-2020 жылдар аралығында Ақыш Мұратқа қайта тіркеп, сенімсіз жеткізушілермен жалған мәмілелер жасау арқылы салық төлеуден жалтарған. Сот үкіміне сәйкес Чен Гоцын 3 жылға, Ақыш Мұрат 4 жылға бас бостандығынан айырылып, алынбаған салық сомасын бірлесе өтейтін болады, - делінген ҚМА таратқан хабарламада.
Егер сіз өкілеттіктерді теріс пайдалану, қаражатты жымқыру немесе басқа да экономикалық құқық бұзушылықтар фактілері жайлы білсеңіз, "АФМ Insider" телеграм ботына хабарлауыңызды сұраймыз. Анонимділікке кепілдік беріледі.