Ақтөбеде Сабантой мерекесі атап өтілді

Ақтөбе облысындағы татар және башқұрт ұлтының өкілдері Сабантой мерекесін атап өтті, деп хабарлайды облыстағы BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе қаласындағы «Ретро» саябағында өткен шараға облыстағы татарлар мен башқұрттар, өңірдегі этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қала тұрғындары қатысты.

Сабантой мерекесіне Қазан қаласынан Татарстан Республикасының эстрада әншісі, халықаралық конкурстардың лауреаты Базарбай Бикчентаев, Алматы қаласынан ҚР еңбек сіңірген мәдениет және білім қайраткері, музыкант, композитор, педагог Ғалымжан Тамендаров, Атырау қаласынан «Татулық» татар мәдени орталығының ұжымы мен Ақтөбе облысы Мәртөк ауданының татарлары мен башқұрттарының этномәдени бірлестігінің «Умырзая» халықтық ансамблі арнайы келді.

Халықты бір-біріне жақындастыру, тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау, еліміздегі ұлтаралық келісім мен бейбітшілікті насихаттау масатында өткізілген шарада «Татлы-баллы чак-чак» байқауы ұйымдастырылып, жастар ортада башқұрт халқының ұлттық спорты — куряштан, сонымен қатар армрестлинг, гір көтеру, арқан тартыс, т.б. спорт түрлерінен бақ сынасты. Сондай-ақ шараға жиналғандар көзді жұмып ұзын таяқпен қыш құмыраны сындыру, жұмыртқаны қасықпен құлатпай апару, қапшықпен жүгіру ойындарына да атсалысты.

Бүгінгі шараға сонау Татарстаннан, еліміздің Астана, Алматы, Атырау қалаларынан қонақтар келіп, біздің мерекемізге ортақтасып жатыр. Бұл - біз үшін үлкен абырой, жетістік. Бүгінгі шарада «Шатлық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігі жанынан құрылған «Язгы-Моннар» ән-би ансамблінің өнерпаздары өнер көрсетіп, бірлестік құрамындағы азаматтар өз өнерлерін паш етуде, - дейді «Шатлық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы Эльвира Хабибуллина.

Оның айтуынша, бүгінде Ақтөбе облысында 9 мыңға жуық татар, 800-ден астам башқұрт ұлтының өкілі тұрады. Ал бірлестік құрамында 300-ге жуық мүше бар. Биыл аталған «Шатлық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің құрылғанына 28 жыл толады. Сондай-ақ «Язгы-Моннар» татар ән-би ансамблі өзінің 58 жылдығын атап өтпек.

25 жылдан астам тарихы бар «Шатлық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің бүгінге дейін жеткен жетістігі көп. Атап айтсақ, бірлестік осыған дейін «халықтық» атауын алса, бірлестік құрамындағы «Сайра, гармун» ансамблі бірнеше рет «Жұлдыздар аллеясы» республикалық шығармашылық байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Жыл сайын 1 мамыр мерекесінде аталған бірлестік өкілдері әр түрлі номинацияларға ие болып келеді. Бұл орайда бірлестік төрайымы Эльвира Хабибуллинаның еңбегі зор.

Қазақстан — біздің ортақ үйіміз болса, Ақтөбе жері — киелі мекеніміз. Менің осы өңірге қоныс аударғаныма 50 жылға жуық уақыт болды. Мен отбасыммен 1970-1980 жылдары Ақтөбеге Қарақалпақстан елінен көшіп келгенмін. Содан бері осы жерде өзге ұлт өкілдерімен тату-тәтті өмір сүріп, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақтөбе облыстық филиалында абыройлы еңбек етіп келемін. Қазіргі таңда «Шатлық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің құрамында «Сәйлән» татар балаларының ән-би тобы, «Язгы-Моннар» татар ән-би ансамблі, жексенбілік мектеп, қариялар мен бірлестік мүшелері бас қосатын арнайы кабинет бар. Бірлестік мүшелерінің көбі мемлекеттік тілде емін-еркін сөйлейді. Менің де қазақ тілін аз уақыттың ішінде үйрендім. Қазір қазақша емін-еркін сөйлеймін, - дейді бірлестік жетекшісі.

Сабантой мерекесіне арнайы келген өнер иесі Ғалымжан Тамендаров ақтөбеліктерге алғысын айтып, шараның ерекше форматта өтіп жатқанын жеткізді.

Ақтөбеге бұған дейін де 3-4 рет рет келгенмін. Бұл өңірде татарлар мен башқұрттар Сабантойды ерекше аталып өтеді. Әр келген сайын ақтөбеліктерге риза болып, қуанып қайтамын. Мерекеде жиналғандармен бірге татар, башқұрт және қазақ әндерін айттық. Осындай мерекені ұйымдастырған азаматтарға рақмет!, — деді ол.

Мерекелік шарада татар-башқұрт ұлтының өкілдері өздерінің ұлттық тағамдарынан көрме-жәрме ұйымдастырып, жиналғандарға дәмнен ауыз тигізді. Ойындар өткізіп, жеңімпаздарды марапаттады.

«Татлы-баллы чак-чак» байқауында қала тұрғыны Райля Надришина 1-орынды иемденсе, қалған қыз-келіншектер аспаздық шеберліктерін ортаға салып, түрлі марапаттарға ие болды.

Айта кету керек, Сабантой мерекесі - татарлар мен башқұрттардың ғана емес, барша түркі халықтарына ортақ мереке. Кейбір деректерге сүйенсек, бұл мерекені өткен ғасырдың 50-жылдары қазақ халқы да тойлаған. Бұл атаулы күнді қазақтар егіс науқаны біткен күні тойлайтын болған. Жалпы, «сабан» сөзінің көне мағынасы «соқа» дегенді білдіреді екен. Яғни, сабантой - «соқа тойы». Татар, башқұрт ұлтының өкілдері бастапқыда бұл мерекені егіс науқаны басталған кезде, яғни сәуір айының аяғында тойласа, бертін келе бұл мереке науқанның соңы - маусым айында атап өтіліп жүр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы