Ақтөбеде рельстен шыққан пойыз жолаушыларына көмек көрсетілді

Рельстен шыққан «Бішкек-Самара» пойызының жолаушыларына ыстық тамақ жеткізілді. Оларды дәрігерлер де қарап шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ақтөбе облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, аймақ басшысы Ералы Тоғжанов теміржолдағы апаттан кейінгі жағдайды бақылауына алып, жолаушыларға көмек көрсетуді тапсырды.

«Оларға ыстық тамақ жеткізілді. Дәрігерлер де жолаушыларды қарап шықты. Ешкім зардап шеккен жоқ. Оқиға орнына жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарын атқаратын пойыз жетті. ТЖД мен «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ қызметкерлері бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Апаттың себебін арнайы комиссия анықтайды», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Еске салсақ, бүгін сағат 10:15-те «Бішкек-Самара» пойызы маневр жасайтын тепловозбен соқтығысып, екі вагон рельстен шығып кеткен болатын. Апат кезінде №317 жолаушылар пойызының тепловозы, №1 вагоны және №2 жолаушылар пойызының үш доңғалақты жұбы рельстен шығып кетті. Оқиға орнына «Қазавиақұтқару» тікұшағы ұшып шығып, құтқару бөлімшелері жіберілді және ҚТЖ қалпына келтіру пойызы жөнелтілді.

«Облыстық ТЖД 6 адам мен бір техника жіберілді. Жергілікті атқарушы органнан 5, теміржол полициясынан 3 қызметкер келді. Оқиға орнына жеткен кезде екі вагон мен тепловоздың жолдан шыққанын көрдік. «Қазақстан темір жолы» қызметі 100 жұмысшы жіберіп, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр», - деді облыстық ТЖД бастығы Марғұлан Аманбаев.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы