Ақтөбеде қызылшамен ауырғандар тіркелді
Ақтөбе облысында тұрғындар арасында қызылша ауруын жұқтырған 6 жағдай тіркелді, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаевтың айтуынша, биылғы 16 ақпан-5 сәуір аралығында облыста қызылшамен ауырған 6 науқас тіркелген. Оның төртеуінде ауру диагнозы анықталса, біреуіне қызамық диагнозы қойылған. Ал тағы бір науқасты дәрігерлер тексеріп жатыр.
Облыста 14 жасқа дейінгі балалар арасында 5 жағдай тіркелді. Мұндай жағдайдың тіркелуіне балалардың ата-аналарының аурудың алдын алу шараларынан бас тартуынан, яғни екпе алмауынан болып отыр. Ал қызылшамен ауырған ересек адамның екпе алған-алмағаны әлі белгісіз, — дейді ол.
Мұхтар Сербаев облыста қызылшамен ауырған адамдармен қарым-қатынаста болған 300-ден астам тұрғынның анықталғанын, облыс аумағында қызылша ауруы бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шаралар жүргізіліп жатқанын айтады.
303 адамның 34-і бала болса, олар 14 жасқа дейін қызылшаға қарсы екпе алмаған. Себебі олардың ата-аналары профилактикалық екпелерден бас тартқан. Сондай-ақ 30жасқа дейінгі ересектер арасында 15 адамның егілген-егілмегені белгісіз. Ал 13 тұрғын эпидемиологиялық көрсеткіші бойынша екпемен қамтылса, 2 адам медициналық қарсы көрсеткіші болған соң екпе алмаған, — дейді ол.
Соңғы кезде елімізде қызылшамен ауырғандардың саны артуда. Әсіресе, балалар арасында науқастанғандар саны көп. Осыған орай қазір Ақтөбе облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы қаулы қабылдап, аурудың алдын алуда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ екпе алмаған балалар мен ересектерге, бұрын қызылшаға қарсы егілмеген 55 жасқа дейінгі медицина қызметкерлеріне ауруға қарсы иммундау жұмыстары жүргізілуде.
Бұл аурудан қорғанудың бір ғана жолы бар. Ол — екпе алу. Сондықтан біз ата-аналарға екпе алудың маңызы туралы айтып жатырмыз. Егер өздеріңіздің немесе балаларыңыздың дене қызуы көтеріліп, жөтел пайда болса, денеге бөртпе шықса, онда дереу медицина мамандарының көмегіне жүгініңіздер, — деді М.Сербаев.