Ақтөбеде қой жүнін өңдейтін зауыт салынып жатыр

Ақтөбеде қой жүнін өңдейтін кәсіпорын құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұл кәсіпорын Ақтөбе облысы әкімдігі, «KazFeltec» ЖШС және итальяндық «Cormatex» компаниясының өзара келісімі арқасында салынып отыр. Зауыттың құрылысын жүргізіп, оны жабдықтармен қамтуға барлығы 4 миллиард 321 миллион теңге қарастырылған.

«KazFeltec» ЖШС-ның директоры Ерлан Жаңабергеновтің айтуынша, биылғы жылдың аяғына дейін кәсіпорындардағы цехтардың құрылысы бітеді. Ал зауыт өз жұмысын келер жылы бастайды. Кәсіпорынға қажет барлық құрал-жабдықтар Италиядан әкелінеді. Бұл жерде қой жүні өңделіп, қатты және қылшықты қой жүнінен экологиялық таза жылу оқшаулағыш материалдар шығарылады.

Маусым айының ортасында зауыттың капсуласын салуға Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов өзі арнайы келіп қатысқан болатын. Сол кезде облыс әкімі бұл кәсіпорын облыста осыған дейін өзекті мәселеге айналған қой жүнін өңдеу проблемасын шешетінін айтқан-ды. Қазір мұны естіген ақтөбелік шаруалар ерекше қуанып жатыр.

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында 4 мыңнан астам жартылай қылшық жүнді қой өсіріп отырған «Алтын-Әсел» ЖШС-ның басшысы Хамит Өтеуов көп жылдан бері аудандағы шаруалар қой жүнін өртеп, көміп келгенін айтады. Бірлі-жарымы елге келген алыпсатарларға тапсырған. Онда да жүннің бір келісін 25-30 теңгеге өткізген. Былай қарағанда, бұл өте арзан.

Жыл сайын көктемде қойды қырқып, жүнін қоймаға салып қоямыз. Жазда алушылар болса, 25-30 теңгеге сатып жібереміз. Бос тұрғаннан табыс болғаны жақсы. Жалпы қазір елімізде қой жүнінің құны жоқ. Тіпті, сұраныс та жоқ, ешкім оны өндірмейді. Бұл енді біз сияқты шаруаларға үлкен мәселе болып келді. Енді, міне, облыста қой жүнін алатын, оны өңдейтін кәсіпорын ашылса, көзіміз ашылатын болды, қосымша табыс табамыз. Бұл, әрине, бізді қуантады, — дейді шаруа.

Аталған кәсіпорынның басшысы қазір зауыт құрылысы жүріп жатқан аумақта жүн қабылдайтын пункт ашылғанын айтады. Әзірге аудандардан шаруалар қой жүнін әкеп жатқан жоқ. Алдағы уақытта бұл орайда облыс әкімдігінің бастамасымен ауыл-аймақтарда жүн қабылдайтын және қой қырқитын ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылмақшы. Егер кооперативтер құрылса, онша шикізат аталған кәсіпорынға еш қиындықсыз жеткізілмек.

Бұл орайда аудандағы шаруалар мен мамандар не дейді? Олардың да пікірін білген едік.

Ойыл аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Абат Мүбараковтың айтуынша, аудандағы шаруашылық басшылары қой жүнінің бір келісін 80 теңгеге дейін көтеруді сұрайды. Сондай-ақ олардың кәсіпорын басшылығы шикізатты өздері келіп алып кетсе деген тілегі бар. Себебі шаруашылықтардың қалаға көлікпен жүн тасуы өте қиын.

Бұған дейін алыпсатарлар ауылдардан жүн тасыды, келісіне 30 теңгеден берді. Халық үшін бұл пұл болмайды. Мәселен, қазір ауданымызда бір қойды қырқудың бағасы 300 теңгеден басталады. Егер 30 теңгеден жүн өткізсек, небары бір қойдан 2-3 келі жүн шығады. Сонда шаруаларға не пайда? Сондықтан кәсіпорын басшылығы өздері аудандарда пункт ашып, шаруашылықтардан жинап шықса, міне, бұл дұрыс болар еді, — дейді бөлім басшысы.

Қалай дегенмен де, кәсіпорын ашылса, облыста қой жүнін өңдеу мәселесі біршама шешілмек. Ал қой қырқу мен оның жүнін өндіру — шаруаларға тиесілі шаруа. Алдағы уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүн өндіру жұмыстары да қолға алынбақ. Бұл туралы облыс әкімі ауыл әкімдеріне барынша тапсырма жүктеп жатыр.

Ерлан Жаңабергеновтің айтуынша, қазір кәсіпорын құрылысын аяқтау өте маңызды. Егер жыл аяғына дейін цехтардың құрылысы аяқталса, бұл да зор жетістік болмақ. Жалпы бұл зауытқа алдағы уақытта 40-қа жуық адам жұмысқа тартылады.

Зауытта жылына 2100 тонна дайын өнім шығарылады. Оларды елімізге, сондай-ақ өзге елдерге экспорттаймыз. Бұл кәсіпорын Қазақстанда таза жылу оқшаулағыш материалдар шығаратын бірегей зауыт болмақ. Зауыт іске қосылса, мұнда қайта өңдеу процесі екі кезең бойынша жүргізіледі. Оның біріншісі — жүнді жуу, кептіру, түрлі қоспалардан тазарту, екіншісі — дайын өнімдерді аэродинамикалық жолмен өндіру. Бұл жұмыстардың барлығы болашақта итальяндық технологиялардың арқасында жүзеге асырылады. Ең бастысы, жоба сәтті жүзеге асырылса болғаны, — дейді ол.

Айта кету керек, Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі таңда өңірде 1 млн 400 мың бас қой тіркелген. Ал облыс бойынша жыл сайын шаруашылықтар мен жеке тұрғындар 3-3,5 мың тонна қой жүнін өндіреді. Кеңес заманы тұсында Ақтөбе облысында қой жүнін қабылдайтын Жүнді бастапқы өндеу зауыты жұмыс жасаған. Қазір өңірде мұндай кәсіпорын жоқ. Егер аталған зауыт келер жылы пайдалануға берілсе, облыста жүн өңдеу мәселесі оңтайлы шешілмек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ғазиз ШАКИРОВ - архив
Өзгелердің жаңалығы