Ақтөбеде қосымша біліммен қамтылмағандар қанша?
Ақтөбе облысында "Darabala.kz" платформасы арқылы қосымша білім алуға кезекте тұрған мыңдаған бала бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биылғы оқу жылы 3-тоқсанының аяқталуына жақын қалды. Алайда облыста әлі күнге дейін шығармашылық бағытта қосымша біліммен қамтылмай отырған оқушылар бар.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде қосымша білім беру саласындағы түйткілдерге тоқталып, қосымша спорттық және шығармашылық білім беру ісіне мемлекет тапсырысы бойынша қаржы бөлінетінін атап көрсеткен-ді. Мемлекет басшысы бұл орайда кешегі өткен Ұлттық құрылтайда орта білім беру ұйымдарына қатысты бірқатар мәселелерді көтеріп, ерекше қажеттіліктері бар балалардың сапалы білім алуына жағдай жасау қажеттігін, сондай-ақ инклюзивті білім беруді дамытудың маңыздылығын атап өтті. Бұл ретте бүгінде Ақтөбе облысында 20 мыңнан астам балаға қосымша білім берілуде. Атап айтсақ, білім беру бағытында — 5444, спорттық бағытта – 7317, шығармашылық бағыттағы үйірмелермен 7734 бала қамтылған.
Шығармашылық үйірмелерге 5661 бала кезекте тұр
Облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаеваның айтуынша, өңірде балаларды қосымша біліммен қамтамасыз етуде нәтижелі жобалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі - "Darabala.kz" электронды платформасы.
Қазақстан Республикасы "Білім туралы" Заңына енгізілген толықтыруларға сәйкес облыста 2021 жылдан бері балаларға қосымша білім беру үшін мемлекеттік тапсырыс институты енгізілді. Осы институт негізінде құжаттарды қабылдау барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту мақсатында odoaktobe.kz порталы әзірленіп, процесс толық автоматтандырылды. Бүгінде осы odoaktobe.kz порталы өз нәтижесін беріп, ашықтық пен қызметтің қолжетімділігін бақылауға мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, қазіргі таңда осы платформаның жұмысы жетілдіріліп, білім беру, спорттық және шығармашылық бағытта жұмыс жасауға бейімделді. Бүгінде бұл платформа "Darabala.kz" аталады, - дейді ол.
Басқарма басшысының айтуынша, бұл платформаның ерекшелігі сол, мұнда бір баланың бір үйірмемен қамтылуына жағдай жасалған. Сол сияқты платформаның авторлық құқығы бар. Мемлекет меншігіне алынған платформада қосымша біліммен қамтуда бос орындар мен кезектіліктің ашықтығын, сондай-ақ балаларды қабылдау мен кезекке қою жұмыстары жүзеге асырылады. Бұл платформаның қызметін барлық облыс халқы пайдалана алады. Мұнда балалар мен ата-аналардың, қызмет көрсетушілердің деректері мен құжаттарын қабылдау және сақтау үшін барлық қажетті қызмет көрсету мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар әр бағытқа жеке кезек ұйымдастырылып, ваучер кезекке тұрған уақыты (секундтық дәлдік) бойынша беріледі. Білім саласы бойынша мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы кезек те қарастырылған.
Қазіргі таңда бұл платформада 90 107 ата-ана, 64 116 бала тіркелген. 2023 жылы аталған үш бағытта орналастырылған мемлекеттік тапсырыс аясында 23 213 бала қосымша біліммен қамтылды, оның ішінде білім саласы бойынша 6 бағыттағы 32 үйірмеге — 6000, спорттық бағыттағы үйірмелерге — 8568, шығармашылық бағыттағы секцияларға 8645 бала қатысты. Биыл білім саласы бойынша 6 бағыттағы 32 үйірмеге 6 мың балаға мемлекеттік тапсырыс орналастырылды, - дейді ол.
Ақтөбе облысында бүгінге дейін шығармашылық тапсырыс негізінде барлығы 52 өнім беруші тіркелген. Оның ішінде 40 өнім беруші шығармашылық үйірмелер ашып, жұмыс істеуде. Қалған 12 өнім беруші реестрге қосылған, алайда үйірмелерге балаларды қабылдау тоқтап тұруына байланысты әзірге жұмысын жүргізе алмай отыр. Қазір бұл орайда өнім берушілердің көпшілігі Батыс-2, 12 шағын аудандарда және Есет батыр тұрғын алабында орналасқан. Сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы Әбілқайыр хан, Бейбітшілік даңғылы мен Есет батыр, Заречный, Ибатов, Әйтеке би, Ахтанов, Набережная, М.Мәмбетова, Энергетик, Бұлақты, Жаңажол, Әуе қалашығы, Әкімжанов, Рысқұлов, Шайкенов көшелерінде шығармашылық үйірмелер ашылған.
Бүгінде бекітілген әдістемеге сәйкес бекітілген үйірме атауларының саны 50 болса, соның 24-і 2023 жылдан бері өткізіліп келеді. Атап айтсақ, олардың қатарында ұлттық хореграфия, бейнелеу өнері, театр, вокал, домбыра үйірмелері бар.
Мемлекеттік шығармашылық тапсырысты өңірімізде жүзеге асыру үшін былтыр 7273 бала тегін шығармашылық үйірмелермен қамтамасыз етіліп, оған облыстық бюджеттен 1 миллиард 454 миллион теңге қаражат бөлінді. Үйірмелердің жалпы саны –196. Ал биыл бұл бағыттағы үйірмелерге 6372 бала қатысатын болады. Бұл мақсатқа қазынадан 1 миллиард 190 миллион теңге қаражат бөлініп отыр, - дейді басқарма басшысы.
Айта кету керек, мемлекеттік шығармашылық тапсырысқа қаражат шығармашылық үйірмелерге барып жүрген балаларға бөлініп отыр.
Бүгінде бюджеттен қосымша қаражаттың бөлінбеуіне байланысты өнім берушілер мен ата-аналар тарапынан берілетін өтінімдерді қабылдау жұмысы тоқтап тұр. Алайда ата-аналар балаларын шығармашылық үйірмелерге кезекке тіркей алады. Бүгінде мұндай кезекте 5661 бала тұр. Қазір бұл балаларды шығармашылық үйірмелермен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен қосымша 1 млрд 189 млн теңге бөлінуі қажет.
6324 бала 345 спорттық секцияға барады
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетовтің айтуынша, балаларды спорттық үйірмелермен қамту жан басына шаққандағы қаржыландыру тәсілі арқылы жүзеге асырылады. Бұл орайда бүгінде жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру Мәдениет және спорт министрлігінің №120 бұйрығымен бекітілген балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларында мемлекеттік спорттық тапсырысты орналастыру және олардың жұмыс істеу қағидаларына сәйкес өнім берушілер арасында жүзеге асырылады.
Елімізде спорттық бағыттағы жан басына қаржыландыру бағдарламасы 2021 жылы басталды. Жүйенің ерекшелігі — бір платформада үш бағыт (спорт секциялары, шығармашылық және білім беру үйірмелері) біріктірілген, бұл қосымша білім беру саласы бойынша көбірек балаларды қамтуға мүмкіндік береді. Облысымызда "Darabala.kz" платформасы қысқа мерзімде әзірленіп, 2023 жылдың қаңтар айынан бастап жүзеге асырыла бастады. Бүгінде бұл портал — Ақтөбе облысы әкімдігіне тиесілі жергілікті өнім. Қазіргі таңда Ақтөбе облысы бойынша жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасы бойынша 5 жастан 17 жасқа дейінгі балаларға арналған 24 спорт түрі бойынша ашық тегін секциялар бар. Бағдарлама Ақтөбе қаласында және Алға, Мұғалжар, Шалқар, Қарғалы, Мәртөк, Хромтау аудандарында жүзеге асырылуда. 26 спорт түрі бойынша 6324 бала қамтылып отыр. Олар жалпы саны 345 секцияда қосымша білім алуда. Бұл мақсатқа биыл жергілікті бюджеттен 1 миллиард 170 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді, - дейді М.Махамбетов.
Оның айтуынша, аталған платформа аясында облыс бойынша балаларды спорттық секциялармен қамтуға 2021 жылы — 323 432,0 мың теңге, 2022 жылы – 874 000,0 мың теңге, 2023 жылы – 1 332 000,0 мың теңге, 2024 жылы 1 119 000,0 мың теңге бөлінген.
Қазіргі таңда дене шынықтыру және спорт басқармасы — спорт саласындағы жан басына шаққандағы қаржыландыруды іске асыратын оператор. Сондай-ақ басқарма өңірдегі 37 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің, Олимпиада резервін даярлау орталығының, дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының және спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернат-колледждің әкімшісі болып бекітілген. Бұдан бөлек басқарма 8 кәсіби спорт клубының қызметін қаржыландырады.
Өңірімізде жылдан жылға жас ұрпақтың спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануына қолайды жағдай жасалып, бұл бағытта секциялар көптеп ашылуда. Мәселен, бүгінде облыс халқының 43,0 пайызы немесе 408 215 тұрғын спортпен шұғылданады. Облыста жалпы саны 37 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі болса, оларда 25 мыңнан астам жасөспірім спорттың 52 түрімен айналысып, әр сала бойынша зор жетістіктерге жетіп жүр.Бұдан басқа, өңірімізе 31 олимпиадалық спорт түрі дамытылуда. Бұл спорт түрлерімен 231 531 адам айналысады. Оның ішінде спорт мектептерінде 26 спорт түрімен 19 471 жас шұғылданады, - дейді М.Махамбетов.
Ата-аналар не дейді?
Ақтөбе қаласының тұрғыны Бану Жанпейісова балалардың үйірмелермен көптеп қамтылуы олардың балалық шағын "ұрлайтынын" айтады. Өйткені асыр салып, асық атып, ойнайтын кезеңде оларды күні-түні оқуға мәжбүрлеу жақсылыққа апармайды.
Қазір қаланың балалары далада ойнамайтын болды. Бір жағынан, қауіпсіздік мәселесі болса, екінші жағынан олардың оқу-тоқудан қолы тимейді. Біз бұрын ауылда емін-еркін ойнауға да, оқуға да, жұмылып еңбек етуге де үлгердік. Ал қазір оқу бағдарламасы ауыр ма, әйтеуір немерелеріміз кітап пен телефоннан бас алмайды. Тіпті, пандемия кезінде балаларымыз телефон арқылы білім алып, күндіз-түні тапсырмаларды орындады. Қазір де оларға жеңіл емес. Менің немерелерім қазір каникулды асыға күтіп жүр. Осы мерекеден кейін он шақты күн демалады. Үйірмеден де, сабақтан да босайтын болды, мен соған қуанып жүрмін, - дейді Бану Жанпейісова.
Ал Хромтау ауданының тұрғыны Іңкәр Доспанбетова екі баласын екі мезгіл үйірмеге тасып шаршап жүргенін жеткізді. Оның айтуынша, балалардың екі ауысым бойы оқып, қосымша білім алуы — ата-аналарға да үлкен салмақ.
Екі баламды таңнан кешке дейін мектепке тасимын. Бар жұмысым сол болса қуанар едім. Алайда жұмысымнан да қалғым келмейді. Көп жағдайда жұмыстан сұранып барамын. Мектепте үйірмелер түстен кейін өткізіледі. Балаларымды секцияларға бермейін десем, қосымша білім алсын деймін. Ал берейін десең, олар да, өзім де шаршаймын, - дейді жас ана.
Іңкәр қазіргі оқу бағдарламасының ауыр екенін, мектепте бастауыш сынып балаларына көп тапсырма берілетінін жеткізді. Сондай-ақ оқушыларды бірнеше үйірмеге жазбай, икеміне қарай бір ғана секциямен қамту дұрыс екендігін жеткізді.
Әр баланың бір салаға икемі болады ғой. Мысалы, менің үлкен ұлым сурет салғанды ұнатса, кенжем спортты жақсы көреді. Алайда екеуі бір аптада 3-4 үйірмеге барады. Кейде тіпті шаршайды, тапсырмалар көп, жарыс, байқаулардан көз ашпаймыз. Меніңше, қосымша білім беруде ұстаздар балалардың оқу үлгерімін, шапшаңдығын, бір іске қызығушылығын, икемділігін назарға алу керек, - дейді ол.