Ақтөбеде "Қоқыссыз болашаққа қадам" экологиялық форумы өтті
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде «Таза Қазақстан: Қоқыссыз болашаққа қадам» атты облыстық экологиялық форум өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бастамаларды қолдау.
Форумға экология саласының сарапшылары, ғалымдар, мұғалімдер, мемлекеттік органдар өкілдері, жастар ұйымдары мен еріктілер қатысты. Қатысушылар экологиялық таза әдеттерді қалыптастыру мен табиғатты қорғауға арналған түрлі жобалар мен тәжірибелерді талқылады.
Форум спикерлерінің бірі, «Жыл волонтері – 2024» халықаралық сыйлығының жеңімпазы, экоқорғаушы Темірлан Жолдыбай жастардың экологиялық жауапкершілігін арттырудың маңыздылығына тоқталды. Ал «Ақтөбе, дыши!» қозғалысының ұйымдастырушысы Евгений Лазарчук ғаламдық экологиялық мәселелер мен олардың шешу жолдарын талдады.
Университет студенттері форум аясында бірнеше экологиялық жобаларын таныстырды. Олардың бірі – «Тоқыма қалдықтарын қайта пайдалану» жобасы, ол тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп, мысықтарға арналған жатын орындар жасауға бағытталған.
Сонымен қатар, «Жасыл әлем» дендро-саябағы жобасы ұсынылды. Бұл жоба Ақтөбе қаласында табиғи ерекшеліктерге сай ағаштар отырғызылған демалыс аймағын құруды көздейді.
Форумда экологиялық инновациялар мен тұрақты даму бағытындағы стартаптар таныстырылып, экологиялық белсенділікті арттыру мәселелері талқыланды.
Қорытынды сессияда барлық қатысушылар экологиялық өмір салтын насихаттау мен жастардың белсенділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасады.