Ақтөбеде қатарластарын ұрып өлтірген 3 оқушы түрмеге қамалып, 3 оқушыға жеңілдетілген жаза тағайындалды

Ақтөбе облысының Темір ауданында болған қайғылы оқиғаға қатысты сот үкімі шықты. Өз қатарласын ұрып өлтірген оқушылардың үшеуі 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Тағы үшеуі бұзақылық бабымен кінәлі деп танылып, олардың 1 жылға бас бостандығы шектелді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Актөбе облысында өз қатарластарының соққысынан қаза тапқан тоғызыншы сынып оқушысы Нұржан Сыдықтың өліміне қатысты іс бойынша сот үкімі шығарылды.

Тергеу мәліметінше, 2024 жылдың қыркүйек айында орта мектептің 10 және 11-сынып оқушылары 9-сынып оқушыларына "құрмет көрсетпеді" деген желеумен шабуыл жасаған. Салдарынан зардап шеккендердің бірі Нұржан Сыдық оқиға орнында көз жұмды.

Сотта кәмелетке толмаған сотталушылар кінәларын ішінара мойындап, жасаған әрекеттеріне өкінетіндерін айтты.

Прокурор олардың әрқайсысына 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Ал жәбірленушілер мен олардың заңды өкілдері соттан бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза қолдануды өтінген.

Сотталушылардың кінәләры жәбірленушілердің, куәлердің жауаптарымен, сараптама қорытындыларымен, оқиға болған жерді қарап-тексеру хаттамаларымен, беттестіру хаттамаларымен және басқа да құжаттармен толық дәлелденді.

Сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушылардың кәмелетке толмағандарын есепке алды.

Айыпталушылардың үшеуі 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Тағы үшеуі денсаулыққа ауыр зиян келтіру бабы бойынша ақталып, бірақ бұзақылық әрекет жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сондай-ақ сот үкімімен сотталғандардың бірінің отбасы марқұмның отбасына 5 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді, - деп хабарлады Ақтөбе облысының КТІЖ мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, оқиғадан кейін мектеп директоры қызметінен босатылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов -архив
Өзгелердің жаңалығы