Ақтөбеде қар тазалайтын техника жеткіліксіз

Ақтөбеде ауа райы құбылмалы болып, мердігерлер күні-түні тазалық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қала әкімі Мұрат Жүребековтің айтуынша, қалада техника тапшылығы байқалады деп хабарлады BAQ.KZ.

Қала әкімі қар шығару жұмыстарын журналистермен бірге қарап шықты. Бірқатар проблеманы айтып, шешу жолдарын қарастырды.

Мен тағайындалған бойда қаланы араладым. Жұмыс тәулік бойы жүріп жатыр. Алайда жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қар тазалауды күшейту қажет. Техника, жұмыс күшінің тапшылығы байқалады. Өздеріңіз білетіндей, жақында облыс әкімі қала жолдарын қардан тазарту мәселесі бойынша үлкен жиын өткізіп, қарды жедел шығару үшін ірі өндірістік кәсіпорындардың, құрылыс компанияларының техникаларын тартуды тапсырды. Сондай-ақ Ералы Лұқпанұлы мердігерлік ұйымдарда техника мен жұмыс күшінің бар-жоғын тексеруді керектігі туралы тапсырма берді. Өйткені бірқатар ұйымдардағы техниканың нақты саны мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысу кезінде мәлімделген деректерге сәйкес келмейді, – деп атап өтті қала әкімі Мұрат Журебеков.

Еске сала кетейік, Ақтөбе көшелерін тәулік бойы қардан тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.  Жалпы, Ақтөбе қаласында жолдарды қысқы күтіп ұстауға 11 мердігер ұйым жауапты. Тұрақты негізде 200-ге жуық арнайы техника жұмылдырылған. Күндіз 12 бригада, ал түнде 5 бригада жұмыс істейді. Қыстың басынан бастап полигонға 23500 мың текше метр қар шығарылған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы