Ақтөбеде қант бағасы қымбаттады

Ақтөбе облысы. BAQ.KZ тілшісі. Өткен аптада ақтөбеліктер сауда желілерінен қант таппай, біраз дүрлікті. Қазір жағдай бірқалыпты. Алайда қант бағасы қымбаттап барады.

Мәселен, бүгінде облыс орталығында халық көп баратын «Анвар», «Дина» сауда желілерінде бір келі қанттың бағасы — 441 теңге. Ал ескі қалада орналасқан Орталық базарда — 550-600 теңге. Тіпті, базардағы көтерме баға да «ұшып» тұр.

Қазір жаз айында жұрттың көбі қантты көп мөлшерде жұмсайды. Себебі тосап жабады, тәтті нан пісіреді. Жыл сайын дәл осы кезеңде қанттың бағасы аздап көтеріледі. Халық та оны біледі. Алайда бір келі қанттың бағасы 500 теңге болды деген не сұмдық? Сонда бала-шағасы көп, бір жалақыға күн көретін отбасылар ақшасын қалай жеткізеді. Тіпті, қазір ұн да, күнбағыс майы да, жеміс-жидек те қымбаттап кетті. Ал енді қанттың осынша қымбаттағаны бізге үлкен салмақ. Тағам пісірсең де, ботқа пісірсең де, қант керек. Тиісті органдар неге бағаны жүгендемейді? Халықтың жағдайын кім ойлайды?, — дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Тілекші Аянбергенқызы.

Ол отбасында 6-7 адам тұратынын, жолдасының тапқан ақшасы азық-түлік пен несиеден артылмайтынын айтады. Апта сайын келіп, «Анвар» гипермаркетінен азық-түлік алады екен.

Өткен аптаның аяғында келіп, осы жерден қант таппадық. «Қоймада бітіп қалды» деп жұбатты бізді сауда желісінің адамдары. Бүгін келіп, алып жатырмын. Онда да 3 келіден артық алуға болмайды. Көктемнен бері осылай шектеу қойылған, — дейді ол.

Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратовтың айтуынша, бүгінде облыста қант тапшылығы жоқ. Апта басында облысқа 5 вагон қант әкелінген. Әр вагондағы қанттың мөлшері — 68 тонна. 

Ақтөбеде қант қоры жеткілікті. Қазір тұрақтандыру қорында да қант қоры бар. Әлеуметтік дүкендерде 363 теңгеден, ал сауда желілерінде 441-442 теңгеден сатылып жатыр, — дейді ол.

Ақтөбе облысында шалғай ауылдарда қазір қант бағасы 650 теңгеден сатылып жатыр. Мәселен, шалғай аудан — Ырғыз ауданында бір келі қанттың бағасы — 560-620 теңге. Жауапты мамандар кәсіпкерлерге ешқандай «тәртіп» жүргізе алмайтынын айтады. Ең бастысы, «Сауда қызметін реттеу туралы» заңға сәйкес, ішкі сауда субъектілері әлеуметтік маңызы бар тауар түрлеріне қосылатын сауда үстемесін 15 пайыздан асырмауы керек. Алайда кәсіпкерлердің қантты қандай бағаға алып жатқаны белгісіз. 

Айта кету керек, осыдан бір жарым ай бұрын Ақтөбеде қант бағасы 369 теңгеден 423 теңгеге көтерілді. Ал қаңтар айында бір келі қанттың бағасы 311 теңгеге сатылған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы