Ақтөбеде қанша жас баспанасыз жүр

Ақтөбе облысында жастарды баспанамен қамту шаралары әлі де біріздендірілмей келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Былтыр облыста алғаш рет «Ақтөбе жастары» арнайы тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асырылып, 42 жас отбасы баспаналы болды. Аталған бағдарламаға 600 млн теңге қаржы бөлінген. Биыл бұл бағдарлама жалғасын таппақ. Жуырда болған мәслихат сессиясында бұл туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатов айтып берді.

Биыл бюджеттен жастар саясаты басқармасына 538 миллион теңге қарастырылып отыр. Өңіріміздің жастарын тұрғын-үймен қамтуға «Отбасы банк» арқылы жеңілдетілген несие беруге 500 миллион теңге бөлінеді. Өз кезегінде «Отбасы банк» өз міндеттемелеріне сәйкес қосымша 500 миллион теңге бағыттайды. Осылайша биыл 72 жас отбасы тұрғын үймен қамтылады, - дейді ол.

Жуырда облыста жастар басқармасы қайта құрылды. Басқарма мамандарының айтуынша, мекеме бүгінде жастарды тұрғын үймен, жұмыспен қамту, облыс жастарына арналған түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастыру мәселелерімен айналысады.

Бүгінде өңірімізде 266 мыңнан астам жас бар. Оның ішінде 18-35 жас аралығындағы 15 мыңға жуық жас мемлекеттік тұрғын үй қорында кезекте тұр. Жалпы, Ақтөбе қаласында тұрғын үй кезегінде тұрғандардың саны - 28 346 адам. Олардың қатарында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көп балалы отбасылар, әлеуметтік жағынан осал топқа жататын азаматтар, мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік ұйым өкілдері бар. Осыларды ескерсек, облыста «Ақтөбе жастары» бағдарламасын жүзеге асыру жас отбасылардың баспаналы болуына үлкен мүмкіндік береді, - дейді Ақтөбе облыстық жастар басқармасының бас маманы Мәди Кемешов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы