Ақтөбеде қан айналымы жүйесі ауруларымен ауыратындардың саны артқан

Ақтөбе облысында қан айналымы жүйесі ауруларымен ауыратын тұрғындардың саны 16 пайызға артқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрбол Тымпиевтың айтуынша,биылғы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша қан айналымы жүйесі ауруларымен сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 2142 жағдайды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16%-ға көбейген. Дегенмен осы аурудан болатын өлім-жітім үлесі 2,5%-ға төмендеген.

Облыста кардиологиялық қызметтің тиімділігін жақсарту мақсатында жол картасын іске асыру қолға алынды. Бүгінде өңірдегі медициналық мекемелердегі кабинеттер 100 пайыз қажетті медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Жергілікті бюджеттен медициналық ұйымдарға жаңа 27 ЭКГ аппараты сатып алынды. Келер жылы бұл бағытта скринингтік зерттеулерге жататын нысаналы топты қамтуды 70 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ миокард инфарктісімен сырқаттанушылықты төмендету үшін коронарлық атеросклерозы бар пациенттерді ұзақ мерзімді диспансерлік бақылау бағдарламаларына енгізу, амбулаториялық тексеру кабинеттерін эхокардиографтармен толық жарақтандыру көзделуде, - дейді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, бүгінде облыста онкологиялық ауруларды емдеуге де ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен, биыл онкологиялық қызметті күшейту үшін аз инвазивті эндоскопиялық хирургиялық оталар жүргізу үшін эндоскопияға арналған бейне ақпараттық жүйе орнатылған. Сондай-ақ облысқа 2 млрд 400 млн теңгеден астам қаржыға наркоз-тыныс алу аппараттары, 2 УДЗ аппараты, эндовидеохирургиялық тірек, т.б. құрылғылар сатып алынған.

"Жасыл дәліз" жүйесі бойынша науқастарды қолдау қызметін ұйымдастыру онкопроцесске күдік туындаған жағдайда диагностика уақытын барынша азайтуға мүмкіндік берді. Бауырды, өкпені және қалқанша безді химиоэмболизациялау әдісі сәтті енгізілді, бұл осы санаттағы науқастардың рецидивсіз өмір сүруін жақсартуға мүмкіндік беріп отыр. Қазіргі таңда облысымызда қатерлі ісікпен ауыратындардың өлім-жітімі өткен жылмен салыстырғанда 3,6 пайызға азайды. Бұл орайда келер жылы «Аяла» балалар реаорталығының базасында скринингтік зерттеулердің барлық кезеңдерін жүргізу және бейінді мамандарды кешенді үздіксіз оқыту үшін клиникалық-диагностикалық орталық ашу жоспарлануда, - дейді Нұрбол Тымпиев.

Оның айтуынша, биыл Ақтөбе облысында туберкулезбен ауыратындардың саны 3,2%-ға өскен. Ал өлім-жітім көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 0,5 құрап отыр.

Басқарма басшысы биыл "Облыстардың жергілікті өкілді органдарының шешімі бойынша тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қосымша қамтамасыз ету" бюджеттік бағдарламасы аясында өңірдегі медицина саласына 548 млн теңге бөлінгенін жеткізді.

Аталған бағдарлама бойынша 403 науқасты қамтамасыз ету көзделген. Олардың қатарында диспансерлік есепте тұрған ересектер мен балалар, сондай-ақ ардагерлер және оларға теңестірілген науқастар бар.

Біз биыл облыста жалпы саны 29 аурудың түрі бойынша есеп жүргіздік. Оның ішінде 17-сі орфандық (сирек кездесетін) аурулар болса, 6-алтауы - өмірлік көрсеткіші бар аурулар. Ал ардагерлер мен оларға теңестірілген адамдар арасында жүйке жүйесі, ас қорыту, тыныс алу, зәр шығару, көру органдары, тірек-қимыл жүйесі аурулары көп тіркеліп отыр, - дейді ол.

Бүгінде аталған бағдарлама аясында бөлінген қаражаттың 83 пайызы немесе 459 млн теңгесі игерілген.

Облыста мамандар тапшы

Бүгінде өңірде кадр тапшылығы бар. Мәселен, облыс бойынша медициналық мекемелерге 247 дәрігер және 98 орта медициналық қызметкер қажет.

 Бейінді дәрігерлердің тапшылығы халық санының өсуі себебі мен жоғары технологиялық және мамандандырылған медициналық көмекке қажеттіліктің арту салдарынан консультациялық-диагностикалық қызметтер спектрінің кеңеюімен байланысты. Бүгінде өңірде зейнеткерлік жаста жұмыс істейтін дәрігерлер де, жеке медициналық мекемелерде қызмет істейтін мамандар да көп. Осыған байланысты кадр тапшылығы орын алуда, - дейді Нұрбол Тымпиев.

Оның айтуынша, биыл облыста тапшы мамандықтар бойынша 25 дәрігер ауылдық жерлерге жұмысқа жіберілген. Оның 13-і бүгінге дейін 8,5 млн теңге көлемінде әлеуметтік қолдауға ие болған. Қалған 12 маман жыл соңына дейін өз төлемдерін алады.

Сондай-ақ биыл ауылдық жерлерге және аудандық маңызы бар қалаларға жұмыс істеуге жіберілген 15 жас маман әлеуметтік қолдау түрінде 3 млн теңгеден көтермеақы алған.

Бұдан бөлек, биыл жергілікті грант бойынша 44 дәрігер резидентурада жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламасы бойынша оқудан өтеді. Олар резидентураны аяқтағаннан кейін облыстың мемлекеттік медициналық ұйымдарында бес жыл жұмыс істеуі керек. Сондай-ақ, 480 студент жергілікті бюджет есебінен 3 жыл жұмыс істеуге үшжақты шартқа қол қойған.

15 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді

Биыл Ақтөбе облысында жалпы құны 4,8 млрд теңгеге 24 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланған. Оның ішінде 4,2 млрд теңгесі "Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту" ұлттық жобасы шеңберінде 20 нысан салуға, 608,2 млн теңгесі облыстық бюджеттен 4 медициналық мекеме құрылысын жүргізуге бөлінген.

 Қазіргі таңда 24 нысанның 4 нысаны аяқталды. Олар - Қаратоғай ауылы мен Аққайың ауылындағы медпункт, Қарғалы қалалық ауруханасының құрылысын қайта жаңарту шеңберінде 2,3 қабат және кіреберіс аймағын салу, Шалқар аудандық ауруханасының 2 корпусын қайта жаңарту жобалары. Қалған 20 жоба бойынша Алға, Шалқар, Байғанин, Ырғыз, Қобда, Темір, Мұғалжар аудандарында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде, - дейді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, биыл 11 денсаулық сақтау нысанында құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілген. Қалған 3 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары желтоқсан айында аяқталады. Сондай-ақ жыл басынан бері өңірімізде 14 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Ал келер жылы облыста 9 нысанның құрылысын жүргізу жоспарлануда. Олардың қатарында Қарғалы тұрғын алабындағы жедел медициналық жәрдем қосалқы станциясы, Бадамша ауруханасының қосымша ғимараты, 320 орындық облыстық көпсалалы аурухана, Шалқар, Мұғалжар және Хромтау аудандарындағы аудандық аурухана және Жем, Өтек, Жарық ауылдарындағы медпункттің құрылысы бар.

Айта кету керек, бүгінде Ақтөбе облысында тұрғындарға медициналық көмек көрсететін 479 денсаулық сақтау нысаны бар. Оның 333-і мемлекеттік болса, 12-сі - ведомстволық, 134-і - жекеменшік. Өңірде 40 аурухана, 439 амбулаториялық-емдеу ұйымы жұмыс істейді. Жалпы, облыста 3985 дәрігер және 8089 медициналық қызметкер қызмет етеді.

Қазіргі таңда облыс бойынша медициналық мекемелерді техникамен қамтамасыз ету үлесі 77,05% болса, тозу көрсеткіші - 45,5%.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы