Ақтөбеде полицейлерге жаңа автокөліктер мен пәтер кілттері табысталды
Ақтөбеде полиция қызметкерлеріне жаңа қызметтік автокөліктер мен пәтер сертификаттары табысталды. Бұл шара Полиция күні аясында және "Заң мен Тәртіп" тұжырымдамасын қолдау мақсатында ұйымдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Салтанатты рәсімге қатысқан Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров ауылдық учаскелік инспекторларға арналған жаңа NIVA автокөліктерінің кілттерін табыс етті. Сонымен қатар 25 полиция қызметкеріне қызметтік пәтерге сертификат берілді.
Өңір басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдық полиция қызметкерлерін тұрғын үймен және заманауи техникамен қамту жөніндегі тапсырмалары әрдайым басты назарда екенін атап өтті. Биыл 150 дана NIVA LEGEND автокөлігі сатып алынғаны – осы қолдаудың нақты дәлелі.
Асхат Шахаров тәртіп сақшыларының қоғамдағы рөліне тоқталып, олардың қауіп-қатерге толы қызметін жоғары бағалады. Сондай-ақ, полиция қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, денсаулық пен табыс тіледі.
Ақтөбе облысы полиция департаментінің бастығы өз сөзінде билік тарапынан көрсетіліп отырған әлеуметтік қолдау үшін алғыс білдіріп, тәртіп сақшылары елге адал қызмет етуді жалғастыратынын айтты.
Іс-шара мерекелік концертпен түйінделді. Онда полиция шығармашылық ұжымдары мен облыс өнерпаздары өнер көрсетті.