Ақтөбеде пауэрбанк жарылып, бір отбасы баспанасыз қалды
Үй иесінің айтуынша өрттің тұтануына пауэрбанк себеп болған
Ақтөбеде қуаттағыш пауэрбанк жарылып, бір отбасы баспанасынан айырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Төтенше оқиға салдарынан Ақтөбе қаласының Астана ауданындағы жеке тұрғын үй жанып кеткен.
Үй иесі Тимур Майрумбаевтың айтуынша өрттің тұтануына пауэрбанк себеп болған. Ол бұл үйде әкесі және екі баласымен тұрған.
Тарс еткен дыбысты естідім. Атып шықсам, ұлымның бөлмесінде немерелерім токқа қуаттағышты қосып қойған екен, сол жерден от лап ете қалды. Жарылыс болып, түтін шықты. Бірден шкаф жанды. Тыныс алу мүмкін болмай қалды, түк көрінбей кетті. Мұндай өртті Құдай ешкімнің басына бермесін, - дейді Тимурдың әкесі Құрман Майрумбаев.
Тимурдың әкесі өрт сөндірушілердің санаулы минуттарда жеткенін айтады. Бірақ үйді аман алып қалу мүмкін болмады.
Сағат 19:28-де Ақтөбе қаласы, Астана ауданындағы Арман тұрғын алабында бір қабатты жеке тұрғын үйдің шатыры өртенді. Өрт сағат 20:02-де оқшауланып, 20:23-те толық сөндірілді. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ, - деп хабарлады Ақтөбе ТЖД баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда пауэрбанк жарылып, күйік шалған жасөспірім ауруханаға түсті.