Ақтөбеде ойын паркінде қолы жараланған баланың анасы үндеу жариялады
Ақтөбеде екі ай бұрын жекеменшік Family Park балалар демалыс орталығында 9 жастағы Айым Нұрболат ауыр жарақат алған. Баланың анасы үндеу жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2025 жылғы 7 мамырда, жекеменшік балалар демалыс орталығында 9 жастағы Айым Нұрболат ауыр жарақат алды. Оқиға "Әлия" базарының маңындағы ойын алаңында болған. Қоршалмаған көтергіш механизм (шнек) баланың қолын қатты зақымдаған.
Қыздың анасы Арудың айтуынша, жарақатқа себеп болған құрылғы ешқандай қоршаусыз, ескерту белгілерінсіз, ашық күйде тұрған. Жарақаттанған қыз бала бір литрге жуық қан жоғалтқан. Саусақтары жұмыс істеуін тоқтатқан. Алда ұзақ әрі ауыр оңалту кезеңі күтіп тұр. Қайғылы жағдайдан кейін Айым тұйықталып, өз-өзіне деген сенімін жоғалтқан.
Анасының айтуынша, парк әкімшілігі осы күнге дейін хабарласып, кешірім сұрамаған.
Парк аумағында қауіпсіздікке жауапты адамдар жоқ, ал иелері өз бизнесін қорғау үшін қымбат адвокаттар жалдап, басқа балалардан пайда табуды жалғастырып отыр. Еш жанашырлық жоқ, тек немқұрайлылық пен пайдаға құштарлық, – дейді зардап шеккен баланың анасы.
Ару барлық ата-аналарға үндеу жасады.
Мен барлық ата-аналарға үндеу жолдаймын: балаларыңызды бұл паркке жібермеңіздер. Онда қауіпсіздік жоқ. Егер бірдеңе бола қалса, сізді жалғыз қалдырады. Сондай-ақ, мен БАҚ өкілдерінен, қоғамдық ұйымдардан және бейжай қарамайтын азаматтардан көмек сұраймын. Осы жағдайға назар аудартуға көмектесіңіздер. Енді үнсіз отыра алмаймыз, - деп жазды Ару.
Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсетілу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Іс бойынша сараптамалар тағайындалған, олардың нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады.