Ақтөбеде оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан ұшқышты соңғы сапарға шығарып салды
Ақтөбеде майор Батыр Оразымбетовты соңғы сапарға шығарып салды. Оқу-жаттығу ұшулары кезінде қаза тапқан ұшқышпен қоштасу рәсімі Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ақтөбе облысы әкімдігінің мәліметінше, қоштасу рәсіміне Әуе қорғанысы күштерінің басшылығы, әскери оқу орнының ұжымы, қайғылы жағдайда қаза тапқан Батыр Қайратұлы Оразымбетовтың туыстары мен жақындары қатысты.
Әуе қорғанысы күштері әскери институты авиациялық эскадрильясының офицер-нұсқаушысы майор Б. Оразымбетов – осы оқу орнының түлегі. Қызмет барысында Әуе қорғанысы күштерінің бөлімшелерінде әртүрлі лауазымдардан өтті. Биылғы жылдың көктеміндегі су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысты. Офицер мерейтойлық және еңбек сіңірген жылдары үшін медалдарымен марапатталған, - делінген хабарламада.
Майор Батыр Оразымбетовтың соңында жұбайы мен екі баласы қалды.
Әскери борышын орындау кезінде қаза тапқан ұшқыштың есімі оның туыстары мен әріптестерінің жүрегінде мәңгі сақталады.
Еске сала кетейік, 9 қарашада Ақтөбеде тікұшақ құлады. Тікұшақ апаты бойынша қылмыстық іс қозғалғанын да жаздық.
Осы апатқа қатысты Қорғаныс министрлігі ресми мәлімдеме жасаған болатын. Министрлік қаза тапқан офицердің аты-жөнін атады.