Ақтөбеде өнер жұлдыздарының концерті өтті
Ақтөбе облысында Есет батырдың 355 жылдығын атап өту шаралары концертпен жалғасты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгін күндіз Өнер орталығында ақындар айтысы қорытындыланса, кешкілік уақытта қаланың орталық саябағында жастарға арналған отандық эстарада әншілерінің концерті өтті.
Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен және «Ақтөбе мұнайгаз» компаниясының демеушілігімен ақтөбелік жастарға арналып өткен гала концертте елімізге танымал әртістер мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті.
Олардың арасында «Музарт» тобы, «Еңлік» өнер ұжымы, Нұрмұхаммед Жақып, Mona Songz, Садруддин, Nazima, Say mo бар. Қазақстан эстрадасының жұлдыздары саябақ алаңына жиналған жастарға ерекше көңіл-күй сыйлады. Ал олардың өнеріне тәнті болған көрерменнің ыстық ықыласы күздің қоңыр салқынын сездірмеді.
Көрермендер арасында облыс әкімі Ералы Тоғжановтың өзі де болып, концертті ақтөбеліктермен бірге тамашалады, демеушілер мен шақыртуды қабыл алған өнер жұлдыздарына алғысын айтты.
Кешелі бері қаламызда тарихымыз бен өнерімізді ұлықтаған мәдени шаралар өтіп жатыр. Бүгін Ер Есеттің 355 жылдығына арналған ақындар айтысын қорытындыладық. Ал қазір, міне, қаламызға эстрада жұлдыздары келіп, жастарымызға әсерлі көңіл-күй сыйлап жатыр. Мен Есет Көкіұлы баһадүр бабамыздың 355 жылдығын тойлау аясында осы концертті ұйымдастыруға қолдау көрсеткен азаматтарға және шақыруымызды қабыл алған өнер жұлдыздарына ризашылығымды білдіремін. Осы концерт, осы кеш Ақтөбе жастарына арналды. Өнердің заманауи бағытына сусындатар әдемі, әсерлі кеш болды деп ойлаймын. Біз жастарға шабыт беретін, жігерлендіретін осындай мәдени-көпшілік шараларды Ақтөбеде жиі өткізетін боламыз, - деді өңір басшысы Ералы Тоғжанов.