Ақтөбеде Music Fest Open Air жазғы музыкалық фестивалі басталды
Фестиваль дəстүр бойынша 2021 жылдан бері ашық аспан астында өткізіліп келеді. «Music Fest Open Air» фестивалінің ашылуына облыс əкімі Ералы Тоғжанов, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Біздің қазақ классиктерінің өнерін жоғары бағалайтын шынайы көрермені бар, дегенмен біз олардың өнерін насихаттауды, жас ұрпақты олардың шығармаларымен тəрбиелеуді жалғастыруымыз керек. Бүгін біз деңгейі жоғары, əрі керемет іс-шараның ашылуына куə болып отырмыз. Ашық аспан астындағы фестиваль бір айға созылады. Ақтөбеліктер мен қала қонақтарын ұмытылмас музыкалық марафон күтуде. Мұнда апта сайын қала тұрғындарына арналған жазғы демалыс кезінде мерекелік көңіл-күй сыйлайтын өнер кештері өтеді, - деп атап өтті облыс əкімі.
Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының шеберлері жиырмаға жуық шығарма орындап, екі сағаттық концертте халық аспаптар оркестрі - Құрманғазы мен Ахмет Жұбановтың, сондай-ақ Вивальди, Чайковский жəне Штраус туындыларын паш етті.
Фестивальге көрермендер көп жиналып, тыңдаушылар шығармалардың орындалу сапасы мен репертуарын жоғары бағалады.
Қазақ фольклорлық музыкасынан бастап, əлемдік классикаға дейін қамтылатын концерттік бағдарлама ашық аспан астында ауа райының қолайлылығына қарай əр жұма немесе сенбі күндері кешкілік уақытта өтеді.
Фестиваль - кəсіби музыка ұжымдарының өнерімен жақынырақ танысуға, шығармашыл жастардың өнерін насихаттауға, қала тұрғындарының мəдени демалысын тиімді ұйымдастыруға жəне кəсіби мамандар өнерін тегін тамашалауға зор мүмкіндік береді.