Ақтөбеде мүгедек балаларды тасыған бірлестіктің былығы ашылды

Ақтөбе облысында аудиторлар мүгедек балаларды тасымалдау кезінде заңсыз қаржы тапқан бірлестіктің былығын әшкереледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Сәкен Қасымовтың айтуынша, аталған бұзушылық Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүргізілген аудиторлық тексеріс кезінде анықталған. 

Бұзушылықтар былтыр желтоқсан айында Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен “Ғажап” қоғамдық бірлестігі арасында жасалған келісімшарт міндеттемелерінің орындалуын тексеру аясында анықталды. Белгілі болғандай, аталған бірлестікке атқармаған қызметтері үшін 7 миллион 151,9 мың теңге артық қаражат аударылған. Бірлестік мүмкіндігі шектеулі балалар үшін тасымал қызметін ұйымдастырғанда 1668 сағат артық орындағаны жайлы есеп беріп, барлығы 7809 сағат деп көрсеткен. Осылайша 87 бала үшін 7809 сағаттың 1668 сағаты үшін 6 миллион 721,8 мың теңге көлемінде артық қаражат алған, - дейді ол.

Белгілі болғандай, аудиторлар жан-жақты жүргізген тексерулердің нәтижесінде “Ғажап” қоғамдық бірлестігі мүмкіндігі шектеулі балаларды балабақшаға және спорт мектептеріне тасымалдауды тек қағаз жүзінде жүргізіп, соның сылтауымен өздеріне артық ақша аударған. 

Біз облыстық ұлттық спорт түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне, “Қамқорлық” ментальды бұзушылықтары бар балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығына, №51 “Жарқын бала” бөбекжай-балабақшасына сұраныс хат жіберіп, балалардың мекемеге келген-келмегендігін сұрап білдік. Нәтижесінде балаларды тасымалдауға негізсіз қаржы төленгеніне көзіміз жетті, - дейді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы