Ақтөбеде мектеп жанынан жазғы лагерь маусымы ашылды
Ақтөбе облысы, BAQ.KZ. тілшісі. Ақтөбе қаласында балаларға арналған жазғы лагерь маусымы басталды. Облыс орталығындағы №60 орта мектеп жанынан ашылған «Айналайын» жазғы лагерінде қазір 160 оқушы демалып жатыр.
№60 орта мектеп — қаланың шетінде орналасқан мектеп. Бұл мектепте бүгінде 3320 оқушы бар.
Қазір бірінші ауысымда лагерьде 160 бала демалып жатыр. Оның 120-сы — аз қамтылған, көп балалы отбасынан шыққандар, олар бюджет қаржысы есебінен қамтылған. Ал 40 бала ата-аналардың қолдауымен қаржыландырылды. Олар 4 мезгіл тамақтанады, таңғы 8.30-дан кешкі 6-ға дейін лагерьде ойнап, демалып, қосымша білім алады, түрлі үйірмелерге қатысады. Жалпы биыл үш ауысымда 400 баланы қамтуды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде 30 бала қала сыртындағы лагерьге жіберіледі, — дейді №60 орта мектептің директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мейрамгүл Тұрғанбаева.
Оның айтуынша, қазіргі таңда қаладағы басқа мектептерде мұндай лагерь жоқ. Себебі оларда балаларды жатқызатын, тамақтандыратын орындар ұйымдастырылмаған. Бұл мектеп бірнеше жылдан бері қала аумағында мектеп оқушыларын тегін, жайлы лагерьмен қамтуда бірінші орында тұр. Қазір лагерьде мектептің жас мамандары тәрбиеші болып қызмет етіп жүр.
Кеше алғашқы маусымның ашылу салтанатты өткізіліп, балаларға балмұздақ таратылды, әртүрлі аниматорлар қонаққа келіп, оқушыларға ерекше көңіл күй сыйлады. Лагерь кезінде күніне төрт реттік тамақтандыру мен түрлі сауықтыру бағытындағы іс-шаралар ұйымдастырылып, балаларға естен кетпестей көңіл күй сыйлауға тәрбиешілер шынайы ықыласын салуда. Лагерьге мектеп оқушылары ерекше құлшыныспен келіп, өздерінің жазғы демалысын осылайша көңілді бастады. Қазіргі таңда алғашқы ауысымда екі отрядта 12 топтан тұратын 160 оқушы демалып, уақыттарын тиімді, көңілді өткізіп жатыр. Бұған ата-аналар да, мектеп ұжымы да ерекше қуанып жатыр. Біз үшін балалардың қуанышынан артық ештеңе жоқ, — дейді директордың орынбасары.
Айта кету керек, биылғы Балалар жылына орай бұл оқу орнында ойын алаңдары, аула клубтарымен барлығы 2,5 мың баланы қамтуды жоспарланған.