Ақтөбеде лауазымды тұлғалар неге жауапқа тартылды?

Ақтөбе облысында кәсіпкерлік субъектілеріне заңсыз бақылау және қадағалау жұмыстарын жүргізген үш лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаевтың айтуынша, биыл облыста бизнес нысандарына 900-ге жуық тексеру, 266 профилактикалық бару жүргізілген. Ал былтыр өңірде заңсыз тексеру жүргізген жауапты тұлғалар анықталған.

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті Ақтөбе облысы бойынша департаментінің мәліметіне сәйкес, 2023 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпкерлік нысандарына жүргізілген 114 заңсыз тексеру анықталды. Оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірлескен — 107, биыл дәл осындай 4 заңсыз тексеру анықталып отыр. Нәтижесінде Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы Кодекстің 175-бабы бойынша үш лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Бұл ретте кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты жоспардан тыс тексерулер саны 234-тен 393-ке дейін (68 пайызға) және профилактикалық бақылаулар саны 460 пайызға дейін (5-тен 28-ге дейін) өсіп отыр, — дейді Алмас Салықбаев.

Оның айтуынша, егер кәсіпкерлер тексеруші мемлекеттік органдардың қызметкерлері тарапынан заңсыз әрекеттерге тап болса, бұл туралы «115» нөмірі бойынша Бас прокуратураның call-орталығына хабарласа алады. Сондай-ақ аталған мәселелер бойынша комитетке және оның аумақтық органдарына жүгінуіне болады. Ақтөбе облысы бойынша байланыс нөмірі: 8(7132) 21-19-31.

Айта кету керек, бүгінде Ақтөбе облысында 82,7 мың бизнес субъектісі бар. Оның 12 мыңы — шағын, 126-сы — орта кәсіпкерліктің заңды тұлғалары. Жеке кәсіпкерлер саны 61 287 болса, шаруашылықтар саны — 9043.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы