Ақтөбеде күнбағыс майын қымбаттатқандар анықталды
Ақтөбе облысындағы ірі сауда желілері күнбағыс майының бағасын негізсіз көтерген, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Мұны Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасы мен қаржы мониторингі агенттігінің аумақтық бөлімінің қызметкерлері анықтаған. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына жүргізілген мониторинг кезінде облыс орталығындағы сауда желілері күнбағыс майын 20-28 пайызға дейін қымбаттатқан.
Ақтөбе облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті басқармасының басшысы Жадан Бисенбиннің айтуынша, күнбағыс майының бағасын негізсіз көтерген сауда орындарының мәселесі арнайы комиссияда қаралып, қазір өнім бағасы 5-9 пайызға дейін төмендетілген.
Бүгінде өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы тұрақты. Атап айтсақ, облыстағы бағалар республикалық көрсеткіштен төмен. Облыстық кәсіпкерлік басқармасының жүргізген талдаулары барысында қазір біз жұмыс жүргізіп жатырмыз. Негізсіз үстемақы қосқан кәсіпкерлерге байланысты материал бүгінде құзырлы органдарға жолданды, — дейді ол.
Оның айтуынша, қазір департамент мамандары облыстағы азық-түлік сататын кәсіпкерлер мен азаматтарға жадынамалар таратып жатыр. Онда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тізімі, құқықтық қатынастарды реттейтін заңнама мен жауапкершілік санкциялары көрсетілген.
Департамент мамандарының айтуынша, «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңның 9-бабына сәйкес елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы өндірушінің сату бағасы немесе көтерме жеткізушінің сатып алу бағасының он бес пайызынан аспауы керек. Егер шекті сауда үстемесінің мөлшері 15 пайыздан асып кетсе, сауда орындарының иелері Қазақстан Республикасы Әкімшілік Кодексінің 204-бабы 4-тармағы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Ақтөбе облысында осыған дейін бірқатар сауда желілерінде бес литрлік күнбағыс майының бағасы 3795 теңгеге сатылып келген. Жүргізілген тексеру шараларының нәтижесінде өнімнің бағасы 3623 теңгеге дейін төмендетілді. Сондай-ақ екі литрі 1646 теңгеге сатылған тағы бір күнбағыс майының түрі қазір сөрелерде 1469 теңгеге дейін төмендетіліпті.
Ақтөбе қаласының тұрғыны Ақзира Елдесқызы соңғы кезде өңірде күнбағыс майы, жұмыртқа мен сүт өнімдерінің бағасы едәуір көтерілгенін айтады. Үнемі «Анвар» сауда желісінен азық-түлік сатып алатын ол облыста өнімдердің бағасы өткен жылмен салыстырғанда 20-30 пайызға қымбаттағанын жеткізді.
Апта сайын «Анвар» гипермаркетіне келіп, азық-түлік сатып аламын. Қазір бір пакет тамақты 10-15 мың теңгеге аласың. Жұмыртқа, күнбағыс майы, сүт, айран, сүзбе сияқты өнімдердің бағасы қазір «ұшып» тұр. Сондай-ақ дүкен сөрелеріндегі халық көп тұтынатын кір жуатын ұнтақ, сабын, тіс пастасы, шампунь және тағы басқа тұрмыстық заттардың да бағасы қымбаттады. Саралап қарасақ, бұл өнімдердің дені көрші Ресейден әкелінеді екен. Отандық өнімдер санаулы ғана. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мемлекеттік мекемелер осы мәселеге назар аударса екен дейміз. Себебі халықтың тапқан жалақасы азық-түлікке жетпейді, — дейді қала тұрғыны.
Қазір облыста тұрғындар арасында азық-түліктің бағасына қатысты шағым айтатындар көп. Ал құзырлы органдар бұл тұрғыда өңірде ешқандай мәселе жоқ екенін алға тартып, бәрі бақылауда екенін айтудан жалықпайды.