Абай облысындағы ауылдардың бірінде 150 орындық мәдениет үйі ашылады
Аймақ басшысы Мақаншы ауданының Көктерек ауылында салынып жатқан 150 орындық мәдениет үйінің құрылысымен танысты.
Нысан құрылысы 2026 жылы басталған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 90 пайызы орындалған.
Ғимараттың жалпы ауданы 909,37 шаршы метрді құрайды. Мәдениет үйінде 150 орындық көрермен залы мен 50 оқырманға арналған кітапхана қарастырылған. Сондай-ақ жаңа клуб ғимаратында ауыл әкімдігі, пошта бөлімшесі және учаскелік полиция пунктін орналастыру көзделген. Бұл тұрғындарға бірнеше әлеуметтік қызметті бір жерден алуға мүмкіндік береді.
Аталған ауылдық округте осы уақытқа дейін мәдениет нысаны болмаған. Жаңа нысан елді мекеннің мәдени тынысын кеңейтіп, өнер мен шығармашылықты дамытуға серпін бермек.
Облыс әкімі ауыл тұрғындары үшін аса қажет нысанның құрылысын уақытында аяқтап, пайдалануға беру қажеттігін айтты.
Жаңа ғимарат құтты болсын. Мәдени ошақтар тек Көктерек ауылында ғана емес, облыстың басқа да шағын елді мекендерінде салынып жатыр. Мәселен, Бородулиха ауданындағы Новопокровка мен Камышенка ауылдарында жаңа ауылдық клубтар бой көтерді. Бұл – ауыл тұрғындарының мәдени өмірін жандандыруға бағытталған. Сонымен қатар Көктерек ауылында жеті көшеге асфальт төселеді. Ауыл толықтай интернет желісімен қамтылған. Алдағы уақытта да ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасатын болады, - деді Берік Уәли.
Сондай-ақ облыс әкімі ауыл ақсақалдарымен бірге мәдениет үйі алдына ағаш отырғызды.
Жалпы, Мақаншы ауданында екі аудандық мәдениет үйі және алты ауылдық клуб жұмыс істейді.