Ақтөбеде интернет-алаяқтық өршіп тұр

Ақтөбе қаласында жыл басынан бері интернет-алаяқтыққа қатысты 312 қылмыс тіркелген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе қалалық полиция басқармасы тергеу бөлімінің бастығы Галина Стырличуктің айтуынша, облыста қылмыстың аталған түрі күн санап көбейіп барады. Мәселен, сәуір айы басталғалы Ақтөбеде алаяқтарға алданған 41 адам анықталған.

Интернет-алаяқтық қылмыстардың көбі банк саласына қатысты тіркеледі. Мәселен, 312 істің 63-і банктің қауіпсіздік қызметі немесе қаржы мониторингі қызметі қызметкерлері ретінде өздерін таныстырып, тұрғындардың ақшасын карта арқылы ұрлаған қылмыскерлерге қатысты болып отыр. Ал WhatsApp мессенджерін бұзу арқылы 16 қылмыс жасалса, екінші деңгейлі банктерде ақшаны қолма-қол алу арқылы жасалған қылмыс саны — 29. Бұдан бөлек, қаржыны көбейту, қаржылық пирамидалар ұйымдастыру бойынша жыл басынан бері қаламызда 37 дерек тіркелді, — дейді Г.Стырличук.

Тергеу бөлімі бастығының айтуынша, қазір әлеуметтік желілер арқылы адамдарды алдап-арбайтындар көбейген. Мысалы, OLХ, Krysha.kz, Колеса, Инстаграм, Tik-тok, Cargo интернет-платформаларында қызмет көрсету, тауарларды жарнамалап сату, басқа да қызметтер арқылы тұрғындарды алдаған 180-нен астам қылмыстық іс тіркелген. Мұндай қылмыстардың салдарынан азаматтарға келген шығын көлемі 400 млн теңгеден асады.

Биыл интернет-алаяқтыққа қатысты 54 іс аяқталып, жабылды. Белгілі болғандай, алаяқтыққа тап болатындардың қатарында әйелдердің үлесі көп. Сондай-ақ жеке кәсіпкерлер арасында да алаяқтарға алданып қалатындар саны артқан. Ал ерлердің үлесіне келсек, ақтөбеліктердің арасында әлеуметтік желілер арқылы қаржысын жоғалтатындардың дені — 18-25 жастағы жігіттер, — дейді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы