Ақтөбеде газ жарылып, бір адам қаза тапты
2025 жылғы 4 маусымда Ақтөбедегі Абай даңғылында орналасқан тұрғын үйде газ жарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқиға орнына дереу жеткен облыстық ТЖД құтқарушыларының анықтауынша, жарылыс салдарынан шамамен 40 шаршы метр аумақта ашық жалын тұтанған. Сондай-ақ 3 және 4-қабат арасындағы аралық құрылымдардың ішінара құлағаны тіркелді. Өрт толығымен сөндірілді. Өрт сөндірушілердің күшімен 73 адам эвакуацияланып, 1 адам құтқарылды. Алдын ала мәлімет бойынша, бір адам қаза тапты. Оқиға орнында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы жұмыс жүргізіп жатыр. Апаттық-құтқару жұмыстары мен үйінділерді талдау жалғасып жатыр. Оқиғаның себептері анықталады, – деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Оқиға орнына жедел түрде құтқарушылар, медицина қызметкерлері мен полиция келіп жетті. Қазіргі уақытта апат салдарын жою және жарылыстың себебін анықтау жұмыстары жүргізілуде.
Бұған дейін Батыс Қазақстан облысында болған қайғылы оқиғада бір отбасының бес баласы өрттен қаза тапқаны хабарланған болатын.