Ақтөбеде филологтар Конституциялық реформаға енгізілетін өзгерістерді талқылады
Ақтөбе облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің филология факультетінде «Қазақстандағы референдумның өткізілу мақсаты мен міндеті» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде оқытушылар Конституциялық реформаның маңызы мен оған енгізілетін өзгерістер жайын талқылады.
Шараны университеттің «Жұбановтану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Мұхтар Миров жүргізіп отырды.
Бас қосуда алдымен сөз сөйлеген филология факультетінің деканы Гүлжан Шоқым референдумға халықтың қатысып, оң өзгерістерге үн қосуы өте өзекті екенін алға тартты.
Референдум аясында біз суперпрезиденттік басқарудан бас тартып, президенттік республика моделін қалыптастыру, биліктің бірқатар өкілеттілігін қайта өткізу сияқты бірқатар өзгерістерге дауыс береміз. Бұл шараның басты ерекшелігі әр азамат бұл өзгерістерге талдау жасай отырып, өз дауысын бере алады. Сондықтан барлығыңызды осы саяси шараға атсалысуға шақырамын, — деді ол.
Қазақ филологиясы кафедрасының доценті Нұрдәулет Алдашев Конституциялық реформа азаматтардың ел басқару ісіне қатысу мүмкіндігін арттыратынын, сондай-ақ билік пен халық арасындағы түсініспеушіліктердің болмауына оң ықпал ететінін жеткізді.
Референдумның маңыздылығы сол еліміздегі екінші республикалық құрылым деген мәселеге әкеліп тіреп тұр. Бұл туралы Ерлан Қарин өзінің берген сұхбатында өте жақсы айтты. Бұл дегеніміз біз тәуелсіздігімізді қайтадан жариялайын деп, не болмаса, қайтадан республика құрайын деп жатқанымыз жоқ. Бұл — отыз жылда жеткен жетістіктерімізді, қол жеткізген табыстарымызды одан әрі дамытып, осы уақыт ішінде кеткен кемшіліктер мен олқылықтарымызды жөнге келтіреміз деген сөз. Осының бәрі Конституциядағы 33 бапта қарастырылған. Ата Заң 1995 жылы қабылданғанын білеміз, содан бері көптеген өзгерістер болды. Сол үшін өткен тарих пен бүгінгіні сабақтастыра отырып, Ата Заңымызға жаңа өзгерістер енгізу бұл біздің болашақта дамыған, өркениетті, мықты ел болуымызға зор серпін береді, — деді Н.Алдашев.
Басқосуда құқықтану кафедрасының оқытушысы Лаура Тайжанова алдағы референдум аясында Конституциямыздың 99 бабының 33 бабына 56 өзгеріс енгізілетінін, бұл реформа, ең алдымен, қоғамның сұранысы мен ұсынысынан туындағанын атап өтті.
Бұл реформалар аясында Президенттің ғана емес, заң шығарушы орган —Парламенттің рөлі мен мәртебесі де өзгергелі отыр. Мәселен, бұған дейін заңдарды Сенат қабылдаса, ендігі уақытта Мәжіліс қабылдайды. Ал Сенат оны мақұлдайды. Сондай-ақ жаңа өзгерістерге сәйкес Мәжілістегі депутаттар саны азайды. Олар енді аралас сайлау жүйесі негізінде сайланады. Және олардың мандатын кері қайтарып алу мүмкіндігі де пайда болды. Бұл дегеніміз — депутаттарды сайлауда халықтың пікірі жиі ескеріледі деген сөз, — деді ол.
Дөңгелек үстел барысында филологтар референдумға қатысты өз пікірлерін жеткізіп, 5 маусымда ел болашағы үшін бірауыздан дауыс беретіндерін айтты.