2 Қараша 2026, 10:25 Фото: Polisia.kz

Ақтөбеде есірткі саудасынан түскен 400 млн теңгеден астам қаражатты аударған топ анықталды

Ақтөбеде есірткі сататын интернет-дүкен үшін төлем қабылдап, ақшаны криптовалюта арқылы аударып отырған топтың жолы кесілді, деп хабарлайды  BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді.

Агенттіктің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің мәліметінше, жергілікті тұрғын әлеуметтік желілерде ақша айырбастау тобын құрып, оған жеті сыбайласын тартқан.

Тергеу дерегіне сәйкес, топ мүшелері міндеттерін өзара бөлісіп, күндізгі және түнгі ауысыммен жұмыс істеген. Осылайша тәулік бойы төлем қабылдап, ақша аударып отырған.

Есірткі сататын интернет-дүкеннің операторлары сатып алушыларды төлем жасау үшін осы топқа бағыттаған. Төлем расталғаннан кейін сатып алушыларға есірткі жасырылған орындардың координаттары жіберілген, - делінген ҚМА хабарламасында.

Топ күніне 50-ден 70-ке дейін төлем операциясын жүргізген. Ақша қабылдау үшін дропперлердің, яғни өзге адамдардың атына ашылған 22 банк картасын пайдаланған.

Түскен қаражат кейін криптовалютаға айырбасталып, есірткі саудасын басқаратын адамдардың бақылауындағы криптоәмияндарға аударылған. Аударылған ақшаның жалпы көлемі 918 мың USDT-ден асқан. Бұл 400 млн теңгеден астам сомаға тең.

Қылмыстық әрекетті ұйымдастырды деген күдікке ілінген адам қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.